- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандықтар үйленуге асығар...
Қазақстандықтар үйленуге асығар емес: бір жылда неке саны 15 пайызға қысқарған
Ranking.kz сарапшылары Қазақстанда биыл қаңтар мен маусым аралығында қанша неке мен ажырасу дерегі тіркелгенін есептеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанда 2022 жылғы қаңтар мен маусым аралығында 55,1 мың жұп некеге тұрған, бұл былтырға қарағанда 15,2 пайызға аз. Қалаларда неке дерегі бір жылда 5 пайызға, 42,6 мыңға дейін, ауылдарда бірден 38,1 пайызға, 12,5 мыңға дейін қысқарған.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында ажырасқандар саны 9 мың болған, ал бұл былтырға қарағанда 5 пайызға аз. Қалаларда ажырасу дерегі бір жылда 3,1 пайызға, 7,1 мыңға дейін, ауылдарда 11,8 пайызға, 1,9 мыңға дейін қысқарған.
Өңірлер арасында некеге тұрғандардың көпшілігі Алматыда тіркелген. Мұнда 7,1 мың, былтырға қарағанда 14,7 пайызға аз. Көшбасшылар үштігіне халық тығыз орналасқан Түркістан (6 мың, былтырға қарағанда 16,9 пайызға аз) және Алматы (5,6 мың, былтырға қарағанда 17,1 пайызға аз) облыстары кірген. Ең аз некеге тұрғандар Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген, онда 1,5 мың, былтырға қарағанда 2,6 пайызға көп.
Тіркелген ажырасу дерегі бойынша Алматы (1,2 мың), Алматы (1 мың) және Қарағанды (937) облыстары алда тұр. Ең аз ажырасу дерегі Қызылорда облысында тіркелген, яғни 201 жағдай.
Елдегі неке коэффициенті 1000 адамға шаққанда, 6,89-дан 5,77-ге дейін төмендеген. Ең жоғары коэффициент елордада байқалған, мұнда 1000 адамға 7,99 болады. Көшбасшылар үштігіне Алматы мен Атырау облысы да кірген.
Ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда, 1-ден 0,94-ке дейін төмендеген. Бұл жағдай өңірлер арасында Павлодар, Қарағанды және Ақмола облысында көп тіркелген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова