Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық цифрлық экономиканы дамыту және азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды, – деп хабарлайды Massaget.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект тек жаңғырту құралы ғана емес, азаматтар мен бизнес үшін нақты табыс көзіне айналуға тиіс екенін нұсқайды. Құжат цифрлық жұмыспен қамтуды кеңейтуді, кәсіпкерлерді қолдауды және жасанды интеллектіні табыс табу құралы ретінде пайдалануды көздейді.
Жарлықта қандай шаралар көзделген?
🔹 Цифрлық платформалар арқылы табыс табу. Компаниялар мен ұйымдар азаматтар орындай алатын қысқа мерзімді ақылы тапсырмаларды цифрлық платформаларда тұрақты жариялайды. Орындалған тапсырыстар практикалық тәжірибені растауға мүмкіндік береді.
🔹 Жасанды интеллектіні табыс табуға пайдалану. Қазақстандықтарға жасанды интеллектіні кәсіби қызметте қолдану, соның ішінде ақылы тапсырыстарды орындау дағдылары үйретіледі.
🔹 Ауыл өндірушілері үшін жаңа нарықтар. Мемлекет фермерлер мен ауыл кәсіпкерлеріне өнімдерін маркетплейстер мен сауда желілері арқылы сатуға көмектеседі. Өнімді жинау, сақтау және жеткізу тетіктері әзірленіп, болашақ сатылымнан түсетін қаражат есебінен аванс беру мүмкіндігі қарастырылады.
🔹 Цифрлық жұмыспен қамту жеңілдетіледі. Үкімет 2026 жылдың соңына дейін цифрлық платформалар арқылы жұмыс істеуге қатысты құқықтық, салықтық, еңбек және әлеуметтік тетіктерді әзірлеуге тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін кеңейту мүмкіндігі де қарастырылады.
🔹 Өңірлерде пилоттық жобалар іске қосылады. Алғашқы жобалар 2027 жылғы 1 сәуірге дейін жекелеген өңірлерде басталады. Олардың тиімділігі бағаланып, сәтті тәжірибелерді ел көлемінде енгізу шаралары 2027 жылғы қыркүйекке дейін айқындалады.
Жарлықтың негізгі идеясы – цифрлық экономиканы халықтың игілігіне бағыттау. Жаңа мүмкіндіктерді ірі технологиялық компаниялармен қатар қарапайым мамандар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, ауыл кәсіпкерлері мен өндірушілер де пайдалана алуы керек.
Үкімет халықтық цифрлық экономиканы дамытудың кешенді жоспарын 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін бекітуге міндетті.
Жарлық 2026 жылғы 23 қарашадан бастап күшіне енді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
О. Сансызбай