Қазақстандықтар онлайн саудаға 3,2 трлн теңге жұмсады

Қазақстандықтар онлайн-сатып алуға көбірек ақша жұмсай бастады. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша азаматтар 3,2 трлн теңге жұмсады. Бұл туралы электрондық сауданы дамыту мәселесі қаралған Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Атап айтқанда, ведомство басшысы 2020 жылдан бастап еліміздегі электрондық сауда көлемі бес есеге ұлғайғанын хабарлады. 

"2029 жылға қарай электрондық сауда көрсеткішін үш есеге ұлғайту және оны 9,3 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл саланы ілгерілету үшін Үкімет онлайн-коммерцияны дамыту жоспарын қабылдады. Ол электрондық сауда мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруді, еліміздің барлық өңірлерінде электрондық сауданы оқыту курстарын іске қосуды, кәсіпкерлер үшін электрондық саудада мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын енгізуді көздейді", - деді министр. 

Алайда бұл әлі де әлемдік орташа деңгейден төмен. Жастар санының көптігін, финтехтің дамуын, интернеттің қолжетімділігін және қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың кең таралуын ескере келгенде, Қазақстанда интернет-сауданы дамытудың жоғары әлеуеті бар дейді министр. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!