Қазақстандықтар олигархтардың кесірінен мүмкіндіктерінен айырылып отыр - депутат

Мәжіліс депутат Ерлан Сайыров Қазақстанда олигархияның экономикалық тамырына балта шабу қажет екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың сөзінше, қазақ халқы кәсіпкерлік әлеуеті терең ұлтқа айналуы қажет. Алайда бұған кедергілер бар.

"Ескі Қазақстан тұсында, ат төбеліндей топ еліміздің шикізат, қаржы саласына эксплуатация жасап, мемлекеттің жол, темір жолы, коммуникация саласындағы ірі мемлекеттік тендерлерге жөн-жосықсыз ие болып отырған. Қазақстан азаматтары олигархтардың кесірінен "мүмкіндіктер теңсіздігіне" ұшырап отыр. Осы үрдісті тоқтату керек! Мұндай құбылыс еліміздің экономикалық тыныс-тіршілігіне үлес қосып, кәсіпкерліктпен айналысқысы келетін мыңдаған қарапайым азаматтарға өз потенциалын көрсетуге мүмкіндік бермейді. Назарбаевтың тұсында қара нарық пен көлеңкелі схемалар арқылы олигарх болғандардың орнына, халық мүддесін ұмытпайтын "ұлттық бурзуазияны" қалыптастыратын уақыт жетті. Ол үшін олигархияның экономикалық тамырына балта шауып, Қазақстанда әділ әрі адал кәсіпкерлік жаппай құбылыс болуы керек!" - деді депутат.

Депутат "AMANAT" фракциясының атынан елдің ішкі жалпы өнімін арттыру үшін жаппай кәсіпкерлік дағды қалыптастыру қажет деп есептейтіндерін айтты. Ол үшін бірқатар ұсыныс жасады:

1. Өткен жүйеден мұра болып қалған олигархтардың экономикалық мүддесін қорғауды тыю, лобби жасаушы топтарға тоқтау салу.
2. Ірі тендерлердің әділетті, ашық, жаңа буын бизнесмендердің потенциалын арттыруға бағыттау қажет.
3. Халықта жаппай бизнес дағды қалыптастыру үшін мемлекет саясатын бұру, аудандық, облыстық деңгейде тегін бизнес дағды үйрету курстарын ашып, бизнес ашатын азаматтарға мемлекеттік арзандатылған кредит, жер беру мәселелерін шешу.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!