Қазақстанда 2026 жылғы 10-15 тамыз аралығында өкпе обыры туралы ақпараттандыру апталығы өтеді. Осы күндері қазақстандықтар тегін тексеруден өте алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тегін тексеруден қайда және қашан өтуге болады?
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, өкпе обыры туралы ақпараттандыру апталығы Қазақстанның барлық өңірінде өтеді. Өкпе обыры қатерлі ісіктің ең жиі кездесетін түрлерінің бірі және онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің негізгі себептерінің қатарында қалып отыр.
Әдетте өкпе обыры бастапқы кезеңде еш белгі бермейді. Ал флюорография мен кеуде қуысының рентгені ісікті ерте сатысында әрдайым анықтай бермейді.
Сондықтан онкологтар өкпе обырын ерте анықтауға және осы мақсатта заманауи тексеру тәсілдерін кеңінен енгізуге басымдық беріп отыр.
Солардың бірі - төмен дозалы компьютерлік томография (ТДКТ). Бұл өкпе обырына шалдығу қаупі жоғары адамдарға арналған, халықаралық деңгейде мойындалған ерте анықтау әдісі.
Кімдер тегін тексеруден өте алады?
Тексеруден мына азаматтар өте алады:
- 50 жастан асқан адамдар;
- 15 жылдан аса уақыт темекі шеккендер;
- қазір темекі шегетіндер және бұрын шеккендер;
- шаң, түтін, химиялық және канцерогенді заттардың әсеріне ұшырайтын зиянды өндіріс қызметкерлері.
Мамандар дәл осы санаттағы адамдарға профилактикалық тексеруден тұрақты өтіп тұруды ұсынады.
Инфографика: Tengrinews.kz
Инфографика: Tengrinews.kz
Инфографика: Tengrinews.kz
Инфографика: Tengrinews.kz
Акция аясында мамандар 1 600-ден аса адамды тексеруді жоспарлап отыр.
Апталық 15 тамызда елдегі барлық онкологиялық ұйымда өтетін бірыңғай ашық есік күнімен аяқталады.
Бұл күні Қазақстанның барлық тұрғыны онколог дәрігерден тегін кеңес ала алады. Ал медициналық көрсетілім болса, қажет тексеруден де өте алады.
Еске салайық, өкпе обырын ерте анықтауға арналған скрининг Қазақстанда алғаш рет 2026 жылы бағдарламаға енгізілді.
Бұл неге маңызды?
Мамандардың мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын өкпе обырының 3,8 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталады, бұл ретте жыл сайын 2 мыңға жуық адам осы дерттен көз жұмады.
Онкологтар өкпе обырының алдын алудың негізгі шаралары мыналар екенін ескертеді:
- темекі шегуден толық бас тарту,
- зиян өндірістік факторлардың әсерінен қорғану,
- өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау,
- салауатты өмір салты қағидаларын сақтау және тұрақты түрде профилактикалық тексерулерден өту.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz