Қазақстандықтар мінген ұшақ егістікке шұғыл қонды: жолаушыларға 80 миллион теңге төленді

Фото: t.me/zstproc

Новосібір маңындағы егістікке шұғыл қонған ұшақ жолаушыларына өтемақы төленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Tengri Life "Коммерсантъ" Telegram-каналына сілтеме жасап жазды.

Басылымның мәліметінше, жолаушыларға 15,8 миллион рубль (23 қарашадағы жағдай бойынша бұл шамамен 82 миллион теңге) төленген.

"158 адам әрқайсысы 100 мың рубльден (шамамен 519 мың теңге) ақша алды", - делінген медиа таратқан хабарламада.

Тағы бірнеше адам мұндай мүмкіндікті біле тұра, әлі төлемге өтініш бермеген.

Еске салайық, 12 қыркүйекте Сочи-Омбы бағытында ұшқан "Уральские авиалинии" компаниясының А-320 ұшағы шұғыл түрде Новосібір облысындағы егістікке қонды. Бортта 161 жолаушы болған, оның ішінде 21 бала, олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Ұшақ бортында қазақстандықтар да болған.

Кейінірек басылым тілшісі осы рейспен ұшқан Қазақстан азаматынан сұхбат алды. Павлодар тұрғыны Ольга Мухутдинова бұл "өзі үшін қорқынышты оқиға" болғанын айтты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан