Қазақстандықтар Мароккоға визасыз бара алады

Қазақстандықтар Мароккоға визасыз бара алады
Фото: depositphotos.com / Bapaume

БҰҰ Бас ассамблеясының 79-сессиясы аясында Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Марокко Корольдігінің Сыртқы істер, африкалық ынтымақтастық және шетелдегі марокколықтар жөніндегі министрі Насер Буритамен кездесті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі СІМ-ге сілтеме жасап.

Министрлер саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынастың қазіргі ахуалы мен перспективасын талқылады.

Нәтижесінде, қос тарап Қазақстан Үкіметі мен Марокко Корольдігінің Үкіметі арасындағы ұлттық/жалпыазаматтық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды.

"Келісім екі ел азаматтарының сапарларын жеңілдетуге бағытталған және екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Келісімге сәйкес, Қазақстан және Марокко азаматтары жарамды ұлттық/жалпыазаматтық паспорттардың негізінде екі елдің аумағына кіру, шығу, транзитпен өту және уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады. Әрбір болу мерзімі кіру сәтінен бастап 180 күннің ішінде 30 күнтізбелік күннен аспауға тиіс", – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ құжатта көзделген мерзімнен ұзақ болуды немесе еңбек қызметімен, білім алу немесе кәсіпкерлікпен айналысуды жоспарлаған тараптардың азаматтары қабылдаушы мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелерінен тиісті виза алуға міндетті.

Келісім тараптардың ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Есен