- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Эвакуация
Қазақстандықтар Ливаннан аман-есен оралды
Таяу Шығыс өңіріндегі шиеленістің күшеюіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдарының қатысуымен Ливаннан ҚР азаматтарын және олардың отбасы мүшелерін елге эвакуациялау шаралары жүзеге асырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Операция Ыстамбұл және Дубай қалалары арқылы ұйымдастырылып, нәтижесінде 2024 жылғы 17-31 қазан аралығында Бейруттан Астана мен Алматы қалаларына 41 адам аман-есен жеткізілді.
Эвакуация әскери қақтығыс аймағында қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жүргізілді.
Еске салайық, күні кеше Израиль әскері Ливанда "Хезболла" радикал тобының жоғары лауазымды шенеунігін тұтқынға алғаны белгілі болды.
"Азаттық" мәліметінше, қолбасшының аты-жөні - Имад Әміхаз. ЦАХАЛ оны әскери-теңіз күштеріндегі маңызды ақпараттарды біледі деп санайды.
The Times of Israel басылымының жазуынша, Әміхазды ұстау бойынша операцияны теңіз күштерінің бөлімі жүргізген. Олар Триполидің оңтүстігіне қарай жағалауға қонып, Әміхаз отырған ғимараттан оны ұстап әкеткен. Бұдан соң катермен Израильге жеткізген. Оны енді барлаушылар тергейді.
Израиль әскерінің дерегінше, Әміхаз "Хезболланың" теңіз операцияларына жауап берген. Қарулы топтың өзі оқиғаға түсініктеме берген жоқ.
Ал Ливанның көлік министрі Али Хамиенің айтуынша, Әміхаз азаматтық кеме капитаны және "Хезболланың" кемелері туралы ақпараттан хабарсыз. Ливанның премьер-министрі міндетін атқарушы Наджиб Микати Ливан азаматының ұрлануына қатысты БҰҰ-ға шағым түсіретінін айтты.
"Хезболла" радикал тобы Израильге шабуылдаған ХАМАС-ты қолдау мақсатында 7 қазаннан кейін Израильге шабуылын үдеткен. (ХАМАС тобы ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым танылған). Израиль бұған жауап ретінде Ливанның оңтүстігінде "Хезболлаға" қарсы әскери операция бастаған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина