Әлемнің мұсылмандары бас мейрам Құрбан айтты тойлап жатыр. Бұл жылы айтты қазақстандықтар 24-27 қыркүйек аралығында атап өтеді. Ал бүгін, 24 қыркүйек демалыс болып жарияланды, - деп жазады Tengrinews.kz.
Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қазақстандықтарды мейраммен құттықтады. "Баршаңызды мұсылман қауымының ұлық мерекесі - Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!Халқымыздың сан ғасырдан бергі саналы ғұмырында рухани тірек болған асыл дініміздегі айтулы мереке - Құрбан айт мейрамы айрықша аталып келеді. Ұлттар мен ұлыстарды бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге бастаған мүбәрак мейрам - Құрбан айт құтты болсын!", - делінген бас мүфтидің құттықтауында.
"Айт - ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге үндейтін ұлық мереке. Бұл күндері барша мұсылман ізгі амалымен Алланың разылығына бөленеді. Айт күндері қасиетті Меккеде қажылық парызын өтеп жатқан мұсылман үмбеті Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады", - деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Сонымен қатар, бас мүфти құрбан шалуға мүмкіндігі жоқ адамдарға құрбан шалудың міндет емес екендігін еске салды. "Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу - міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады. Алланың разылығы үшін құрбан шалу - пенденің иманын күшейтіп, тақуалығын арттырады", - деді ол.