Қазақстандықтар коммуналдық ресурстарды үнемдеп үйренуі керек – мемлекет басшысы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу керегін атап өтті.

"Бұл жұмыс, ең алдымен, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында жүргізілуге тиіс. Қазір энергия өндіретін жаңа нысандар салу үшін берілетін несие шарттарын қолайлы деп айта алмаймыз. Сондықтан Үкімет қаржы институттары арқылы ұзақ мерзімге арналған қолжетімді несие беру жолдарын ойластыруға тиіс.

Мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керек. Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда.

Сондай-ақ президент коммуналдық ресурстарды үнемдеу де маңызды екенін айтты.

"Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керек. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе. Келесі жылдан бастап нақты ережелер енгізілуге тиіс. «Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидатын басшылыққа алу қажет. Алайда тұтынушылар жеке монополистердің шырмауында жалғыз қалмауға тиіс. Заңнамаға әлеуметтік маңызы бар қызметтер деген ұғым енгізілуі керек. Оны мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі сияқты реттеген жөн", - деді мемлекет басшысы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!