Қазақстандықтар кафе, мейрамханаларға қанша ақша жұмсайды?

Қазақстандықтар кафе, мейрамханаларға қанша ақша жұмсайды?
Фото: Midjourney

Қазақстандықтар кафе, мейрамханаларға қанша ақша жұмсайтыны туралы ақпарат пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі finprom.kz-ке сілтеме жасап.

2024 жылғы 1 тамыздағы дерек бойынша Қазақстанда қонақ үй (жалға берілетін пәтер, т.с.с. - еск.) және тамақтануға қатысты қызмет көрсету саласында 8,4 мың компания жұмыс істейді. Бұл былтырмен салыстырғанда 2,1 пайызға артық.

Өңірлер арасында мұндай компаниялардың көпшілігі Алматы (2,8 мың) мен Астанада (2,1 мың). Көшбасшы өңірлер бестігіне Қарағанды (359 компания), Маңғыстау (353 компания) және Атырау (337 компания) облыстары да кірді. Белсенді компаниялардың саны 9,1 пайызға, яғни 4,7 мыңға дейін, ал өз қызметін тоқтатқандар 1,9 пайызға, яғни 2,6 мыңға дейін жеткен.

Қазақстанда жыл өткен сайын кафелер мен мейрамханалардың танымалдығы, оларға деген сұраныс артып келеді. 2023 жылы еліміздің әрбір отбасы орта есеппен мейрамханаларға, кафелерге және осыған ұқсас жерлерге баруға 26,8 мың теңге жұмсаған, былтырмен салыстырғанда 22,5 пайызға артық.

"Өңірлер арасында Қызылорда облысындағы отбасылар мұндай жерлерге жиі баратыны байқалған: жылына орта есеппен 61 мың теңге, былтырмен салыстырғанда 27,8 пайызға артық. Одан кейін тізімде Алматы облысы (47,7 мың теңге) және Алматы (43,4 мың теңге) тұр", - деп жазылған мәліметте.

Ең төмен көрсеткіш Маңғыстау облысында тіркелді: ресми деректер бойынша жылына бір отбасына 685 теңге кетеді. Дерекке сүйенсек, ең "үнемшіл" өңірлер үштігіне Абай облысы мен Шымкентті де жатқызуға болады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова