Қазақстандықтар ЖСН-ін қандай жағдайда өзгерте алады? ІІМ түсіндірді

Қазақстанда жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) адамға өмірінде бір рет беріледі және әдетте өзгермейді. Алайда заң бойынша кейбір жағдайларда оны ауыстыруға болады. Соның бірі – баланы асырап алу, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, ЖСН – 12 цифрдан тұратын, әр адамға жеке берілетін нөмір. Ол азаматтың мәліметтері құжаттарды рәсімдеу жүйесіне алғаш енгізілген кезде автомат түрде беріледі.

"Құжаттар кейін қайта рәсімделген кезде жаңа ЖСН берілмейді. Тек заңда көзделген ерекше жағдайларда, соның ішінде баланы асырап алғанда оны өзгертуге болады", — деп хабарлады ІІМ.

Баланың ЖСН-і қашан өзгеруі мүмкін?

Баланы асырап алған жағдайда оның ЖСН-і міндетті түрде өзгереді деген сөз емес.

Азаматтық хал актілерін тіркеу қағидаларына сәйкес, егер баланы асырап алу кезінде сот шешімімен оның жеке деректері, туған күні немесе туған жері өзгертілсе, оған жаңа ЖСН беріледі.

Ал тек ата-анасы туралы мәліметтер өзгеріп, баланың өзіне қатысты деректер сол күйінде қалса, ЖСН бұрынғысынша сақталады.

Яғни жаңа нөмірдің беріліп-берілмеуі баланың қандай деректері өзгергеніне байланысты.

ЖСН-де қате болса, қайда жүгіну керек?

Ішкі істер министрлігі ЖСН-нің қалай жасалатыны мен ондағы цифрлардың орналасу тәртібі тек техникалық сипатқа ие екенін түсіндірді. Ең бастысы – әр адамның ЖСН-і бірегей болуы және басқа адамның нөмірімен сәйкес келмеуі.

Егер азамат өзінің ЖСН-інде немесе жеке мәліметтерінде қате бар деп күмәнданса, ІІМ-нің жергілікті көші-қон қызметіне жүгініп, түсініктеме ала алады.

Бұған дейін не айтылған еді?

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа пікір білдіріп, ЖСН адамға бір рет берілетінін және оны өзгертуге болмайтынын мәлімдеген.

Алайда Tengrinews.kz редакциясының жаңа сауалына жауап берген ведомство бұл ережеден ерекшеліктер бар екенін нақтылады.

Атап айтқанда, баланы асырап алу кезінде оның жеке деректері заңда белгіленген тәртіппен өзгерсе, жаңа ЖСН берілуі мүмкін.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!