- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандықтар жаңа оқулықтардың...
Қазақстандықтар жаңа оқулықтардың мазмұнын талқылауға қатыса алады
Елімізде тұрғындар жаңадан әзірленген оқулықтардың мазмұнын талқылауға қатыса алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының мәліметінше, қоғамдық талқылау биыл 12 ақпанда басталған.
Talkylau.ebmso.edu.kz сайтында оқулықтар мазмұнының сапасы, құрылымы, әдістемелік тәсілдері, баяндау тілі мен безендірілуіне қатысты қоғам мен ғылыми-педагогикалық қауымдастық өкілдері пікір білдіре алады. Жаңадан әзірленген оқулықтар мынадай:
- 3-сынып "Еңбекке баулу", "Бейнелеу өнері", "Орыс тілі" (орыс тілінде оқытатын мектептер үшін), шет тілдері (ағылшын, француз);
- 3, 9-11 сыныптар үшін "Неміс тілі";
- 5-9 сыныптарға арналған "Жаһандық құзыреттілік" оқулықтары қағаз нұсқада;
- 3-сыныпқа арналған "Цифрлық сауаттылық" (Цифровая грамотность) пәні бойынша электронды оқулықтар.
Қоғамдық талқылауға әдіскерлер, ғалымдар, сондай-ақ оқулықтардың сапасына бей-жай қарамайтын қазақстандықтар қатыса алады. Ол үшін келесі қадамдарды орындау керек:
- Веб-порталда тіркелу,
- Оқулықтардың түпнұсқа-макеттерімен танысу;
- "Түсініктеме қосу" тетігі арқылы оқулықтардың мазмұны мен құрылымына қатысты сын-пікір, ұсыныс пен ескерту жазу.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz