Қазақстандықтар интернеттегі алаяқтардың кесірінен 15 миллиард теңгесінен айырылған

Қазақстандықтар интернеттегі алаяқтардың кесірінен 15 миллиард теңгесінен айырылған
Фото: elements.envato.com

Жыл басынан бері телефон және интернет алаяқтары қазақстандықтарға 15 миллиард теңге шығын келтірген. Бұл туралы ІІМ Киберқылмыспен күрес орталығы басшысының орынбасары Рүстем Дүйсетаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Өкінішке қарай, киберқылмыс, соның ішінде интернет қолданушыларға қатысты алаяқтық дерегі жиілеп кетті. Жыл басынан бері 17,5 мың қылмыс тіркелген, бұл былтырмен салыстырғанда, 1,7 пайызға төмен. Алаяқтардың әрекеті салдарынан азаматтар жыл басынан бері 15 миллиард теңге көлемінде шығынға ұшырады", - деді Дүйсетаев ҚР ІІМ-де өткен брифингте.

Оның айтуынша, онлайн-сауда - алдаудың кең таралған әдісі. Алты айда осындай жолмен 6 мыңға жуық алаяқтық жасалған. Банктер мен микрокредит ұйымдарында жалған онлайн несие тіркеу бойынша 2,8 мың дерек тіркелген. 1400 жағдайда олар әртүрлі жобаларға - инвестицияға, бәске, ойындарға ақшаны тиімді инвестициялау деген желеумен салынған.

"Фишинг сілтемелерді жіберу арқылы азаматтардың шоттарынан, оның ішінде жеке кабинет құру немесе оған қосылу арқылы 1200 алаяқтық жасалды.

Банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдары атынан қоңырау шалу арқылы алаяқтық жасау ерекше алаңдаушылық туғызады. Жыл басынан бері осы әдіспен 3 мыңнан аса алаяқтық жасалған. Мұндай жағдайларда алаяқтар абоненттік нөмірді өзгерту үшін арнайы қызметтерді пайдаланады. Яғни, орнатылған бағдарлама көмегімен шынайы абоненттік нөмір басқаға ауыстырылады.

Азаматтарды қолда бар мүлкін - пәтерді, көлікті кепілге қоюға немесе сатуға көндіру, түскен ақшаны "сейф" деп аталатын есепшотқа салу жағдайлары тіркелді. Кейінірек олар басқа төлем жүйелері арқылы ақшаны немесе аударымдарды қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылды", - деді Дүйсетаев.

Ол мұндай қылмыстар 190-баптың 2-бөлігі "Ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған бөтеннің мүлкін ұрлау немесе бөтеннің мүлкіне құқықты алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы алу" бойынша тіркелетінін түсіндірді. Ол бойынша мүлкін тәркілеумен қоса, 4000 АЕК айыппұлдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қылмыстық топпен немесе аса ірі көлемде жасалған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова