Алматылықтар теракт құрбандарына құрмет көрсетіп Франция консулдығының алдына гүл апарып жатыр, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Консулдық күзетшісінің айтуынша, адамдар таңғы сағат 8.00-ден бастап келе бастаған. Ғимарат алдына келгендер гүл қою үшін арнайы стол қойылды. Оның үстіне бірнеше шам мен "Көңіл айту кітабы" қойылды. Түске дейін ғимарат алдына 70-тен аса адамның келгені анықталды.
Екінші курс студенті Алмаз Дейкун қайғылы оқиға туралы Instagram әлеуметтік желісінен білген. Ол өз құрбысымен бірге Алматыдағы Франция консулдығының алдына гүл әкеп қойды. "Бұл әлемде қайталанып жатқан қайғылы оқиға. Бірнеше апта бұрын Мысырда ұшақ құлады. Міне, бұл жолы Парижде болып отыр. Мұндай жағдайды болғызбау керек. Қазір біз көңіл айтуға келіп тұрмыз. Біз ұлтқа бөлінбеуіміз керек. Біз жай ғана адамдармыз. Менің Францияда қазір достарым оқып жатыр, сондықтан да ол ел маған жақын. Құдайға шүкір, олардың жағдайы жақсы. Бүгін түнде олармен сөйлестім", – деді студент.