Қазақстандықтар енді Оңтүстік Кореяға барып, заңды түрде жұмысқа тұра алады

Отандастарымыз енді Оңтүстік Кореяға барып, заңды түрде жұмысқа тұра алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы мемлекеттің "Жұмыс істеуге рұқсат беру жүйесіне" ел азаматтарын енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Шығыс Азия еліне жұмысқа барғысы келетіндерді дайындайтын арнайы оқыту орталықтары ашылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Онда ауызекі корей тілі үйретіліп, сол елде өмір сүру қағидаттары айтылады. Баратын азаматтың денсаулығы да Қазақстан шекарасынан өтпей жатып толық скринингтен өткізіледі. Одан кейін ақша тауып, табыс тапқысы келетін қазақстандықтар еңбек келісімшартына қол қояды. Онда Оңтүстік Корея заңнамасына сәйкес, жұмысқа кірген адамға қойылатын шарттар бүге-шігесіне дейін жазылған.

Сыртқы істер министрлігі бұдан өзге әлемнің алпауыт компаниялары шоғырланған Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Ұлыбритания сияқты елдермен келісімшартқа отыруды көздеп отыр. Келіссөздер бір жолға қойылып, тараптар мәмілеге келсе, азаматтардың мигрант ретіндегі барыс-келісі заң шеңберінде болады.

Жалпы, кейінгі үш айдың ішінде 200 мың қазақстандық жұмыс іздеп шетел асып кетіпті. 162 мың адам Ресейге аттанса, Польшада 13 мың, ал Оңтүстік Кореяда 6 мыңға жуық қазақстандық жүр.

"Елімізге негізінен ТМД елдерінен Қытай және Моңғолияның азаматтары тұрақты тұруға, жұмыс істеуге келіп жатыр. Ал біздің қазақстандықтар Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Оңтүстік Корея мен Ұлыбританияға жиі жұмыс іздеп кетеді. Қазақстандықтардың еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Сыртқы істер министрліктері Түркиямен, Ұлыбританиямен және Оңтүстік Кореямен жаңа келісімдер жасасуға бастамашылық жасап жатырмыз", - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет төрағасы Асқарбек Ерсаев.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!