Қазақстандықтар өздеріне қоңырау шалған ұйымның атауын телефон экранынан көре алады. Ол үшін елде заңды тұлғалардан түсетін қоңырауларды таңбалау енгізіледі. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Министрдің айтуынша, ұялы байланыс нөмірін тіркеу кезінде абонент биометриялық аутентификациядан өтуге тиіс болады.
Сонымен қатар мобильді құрылғыларды верификациялау тәртібі нақтыланды. IMEI коды арқылы тексеру Қазақстанға заңсыз әкелінген телефондар мен коды өзгертілген құрылғыларды анықтауға мүмкіндік береді.
Қоңыраулар қалай таңбаланады?
Таңбалаудың арқасында абонент бейтаныс нөмірдің орнына өзіне қоңырау шалып жатқан банктің, дүкеннің немесе емхананың атауын көре алады. Бұл жүйе қазақстандықтарға нақты ұйымдардан түскен қоңырауларды белгісіз әрі алаяқтарға тиесілі болуы мүмкін нөмірлерден ажыратуға көмектеседі.
Заңды тұлғалардың қоңырауларын міндетті түрде таңбалау жоспары туралы тамыздың басында белгілі болған еді. Жоспарға сәйкес, ұйымның нөмірі телефонда сақталмаса да, қоңырау түскен кезде оның атауы экранда көрсетіледі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz