Қазақстандықтар eGov.kz порталының жұмысында ақаулар пайда болғанын айтып, әлеуметтік желілерде шағымдарын жариялай бастады. Бұл жағдайға «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Пайдаланушылардың айтуынша, кейбір жағдайда портал мүлдем ашылмайды, ал кейбір азаматтар мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде беттердің ұзақ жүктелетініне немесе түрлі қателер шығатынына шағымданған.
Сондай-ақ тұрғындар eGov Mobile қосымшасына кіру мүмкін болғанымен, оның да тұрақсыз жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Олардың сөзінше, авторизациядан кейін сервис ұзақ уақыт жүктеліп, бөлімдер арасында ауысу кезінде қатып қалады немесе жекелеген қызметтер ашылмайды.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, қазіргі уақытта eGov.kz порталын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Қазіргі уақытта жаңартылған платформаны баптау және оңтайландыру бойынша жекелеген жұмыстар аяқталу кезеңінде. Осыған байланысты кейбір пайдаланушылар порталдың жекелеген компоненттерінің жұмысында уақытша ерекшеліктерді байқауы мүмкін, – деп хабарлады компания өкілдері.
Айта кетейік, eGov.kz порталы 2006 жылы іске қосылған. Алғашқы кезде онда мемлекеттік органдардың жұмысы мен қызмет алу тәртібі туралы анықтамалық ақпарат қана орналастырылған болатын. Кейін порталдың мүмкіндіктері кеңейіп, бүгінде eGov.kz пен eGov Mobile арқылы көптеген мемлекеттік қызметті онлайн алуға болады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз