Қазақстандықтар бүгін аспаннан ерекше метеорлық құбылысты байқай алады

Қазақстандықтар бүгін аспаннан ерекше метеорлық құбылысты байқай алады
Фото: иллюстративті сурет ukranews.com

Қазақстандықтар бүгін, яғни 22 қазанға қараған түні көктен "Орионид" метеорлық ағынын бақылай алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Орионидтар - әйгілі Галлей кометасының қалдықтарынан пайда болатын метеорлар. Олар жердің атмосферасына үлкен жылдамдықпен кіріп, жарқырап, ерекше көрінеді. 

Орионид метеор ағыны жыл сайын байқалатын құбылыс және биыл оның ең жоғарғы белсенділік уақыты 21-22 қазан күндеріне тура келеді.

Осы күндері түнде сағатына 20-ға дейін метеор түседі деп болжанып отыр.

"Орионидтер басқа метеор ағындарының арасында өздерінің жарқын отты шарларымен ерекшеленеді. Ол секундына 65 шақырым жылдамдықпен қозғалатын үлкен метеорлардан тұрады", - делінген хабарламада. 

Қазақстандықтар оларды түн ортасына жақын және таң атқанға дейін көре алады.

Метеор ағынын көру үшін Орион көтерілетін шығыс бағытқа қарай қарап, сонымен қатар аспанға жиі назар аудару керек. Өйткені метеорлар әртүрлі бағытта ұшады - батыс, солтүстік, оңтүстік және шығыс.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Д. Литпин