Енді қазақстандықтар басқа біреудің ЭЦҚ-сын пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрлік мынадай өзгерістер болатынын мәлімдеді:
- Енді жеке және заңды тұлғалардың дербес деректерін қорғау және электрон цифрлық қолтаңба салаларындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі құқықбұзушылық жасалған күннен бастап екі айдан бір жылға дейін ұзартылды. Жаңа нормалар 2025 жылғы 13 наурыздан бастап күшіне енді.
- Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу, соның ішінде дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу және оларды қорғау шараларын сақтамау үшін ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабы бойынша әкімшілік айыппұлдардың мөлшері үш есе ұлғайтылады. Бұрын айыппұлдар құқықбұзушылықтың құрамына және кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты 10-нан 1000 АЕК-ке дейін өзгеріп отырған. Енді олар 30-дан 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.
- Оған қоса Қазақстан Республикасының электрон құжат және электрон цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 640-бабы бойынша жаңа әкімшілік құқықбұзушылық түрі күшіне енеді. Яғни басқа адамның ЭЦҚ кілтін пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Өзгерістер күшіне енгеннен кейін ЭЦҚ-ны заңсыз берген де, оны пайдаланған тұлғалар да жауапкершілікке тартылады.
Ведомство бұл жеке деректерді қорғау мақсатында жасалып отырғанын мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова