- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- балалар денсаулығы
Қазақстандықтар аутизмге емді неге Ташкенттен іздейді?
Желіде Қазақстаннан ем таппаған ата-аналар балаларын Ташкентке апарып жатыр деген пікірлер тарады. Логопед-дефектолог Қарлығаш Әбдірахманова Айгерім Сейфоллаға берген сұхбатында Қазақстандағы диагностика жайлы сөз қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстандық дәрігер өз тәжірибесіндегі оқиғалармен бөлісті.
"Біз бен сіздер білмейтін нәрселер көп. Осыдан екі жыл бұрын осы тақырыпты қозғаймын деп жан-жақтан қысымға қалған жайым бар. Содан кейін мен "Ташкентте мына дәрігерге немесе клиникаға бармаңыз" дегенді айтуды доғардым. Себебі жекеге шығып, қорқытқандар болды. Ташкентке барып, кейін маған келген балалар жайлы айтайын, мен тек өз жеке тәжірибемдегі жағдайлармен бөлісемін. Ташкентке дейін жақсарып келе жатқан, бірақ аналары шыдамай, сол жаққа алып кеткендер болды. Ол жақтан балалар кіші дәретін жіберіп қоятын, бұрын белсенді болып, қазір бір нүктеге қарап отқан күйде келді. Ташкенттен жеңіл бұзылыспен келгендер де болды. Көбіне тілі кеш шыққан балаларға көмектескен", - дейді ол.
Қарлығаш Әбдірахманова Ташкентте қандай балаларға көмектесе алмайтынын айтты.
"Егер балада аутизм немесе зейін тапшылығы мен гипербелсенділік синдромы болса, Ташкенттегі ем оларға көмектеспейді. Себебі ол жақта ноотроп препараттары салынады. Мұндай препараттар мидың белгілі бір бөлігін қоздыру мақсатында салынады. Аутизм жағдайында ол баланы одан сайын қоздырып, кері әсер беруі мүмкін. Аутизмге осы уақытқа дейін ешқандай медикаментозды ем қолданылған жоқ және оны қандай да бір аппаратпен немесе құрылғымен анықтамайды. Соны көпшілік түсінбейді.
Ташкенттен жай ғана сөйлеудің жеңіл бұзылысы, тілдің кеш шығуы, түсінігі бар, бұрын енді сөйлеп келе жатып, вирустың немесе басқа да нәрсенің себебінен тұйықталып қалған балалар жазылып келуі мүмкін. Оларға аздап медикаментозды қолдау қажет болған болуы мүмкін. Бірақ өз тәжірибемде аутизммен барып, емделіп келген балаларды көрмедім", - деді логопед.
"Қазақстанда дұрыс диагностика жасамайды"
Маман Қазақстанда жалпы психиатрлар, ал оның ішінде қазақ тілді мамандар жетіспейтінін айтты.
"Менің ойымша, бізде балаға дұрыс диагностика жасамайды, ата-ананың сұрағына толыққанды жауап бермейді. Елімізде қазақ тілді психиатрлар аз. Ата-ана баласының симптомдарын орыс тілді маманға еркін жеткізе алмайды. Психиатрлар 10-15 минут ата-ананың бала жайлы айтқанын жазып алады да, диагноз қоя салады. Бұл дұрыс диагностика емес. Психиатрлар баламен сағаттап жұмыс істеуі керек. Психиатрдың жанында клиникалық психолог болуы керек. Ал бізде клиникалық психологтар жоқ. Клиникалық психолог сол аурудың клиникасын біледі, ол баламен қалай сөйлесу керегін, қандай тапсырма беру керегін біледі. Ал бізде ол орынға маман болмағасын, қарапайым психологты отырғызып қояды. Ол өмірінде мұндай баламен жұмыс істеп көрмеген. Дефектологтардың берген тапсырмасын беріп, ол жасай алмайды деп диагноз қоя салады", - дейді дәрігер.
Қарлығаш Әбдірахманова психиатриялық орталықтарды арнайы балаларға арнап салуға ұсыныс тастады.
"Адамдарда психиатрия қоғамға қауіпті адамдарды апаратын жер деген ой қалыптасқан. Оған қоса, бізде ересектер мен балалар психиатриясы бір орталықтың ішінде орналасқан. Менің ойымша, ата-ана баласын қорықпай психиатрға апару үшін оның есігін басқа жерден ашып, ішін әдемі етіп жасау керек. Ол орталық ата-аналар үшін де, балалар үшін де жағымды болуы керек", - деді ол.
Оқи отырыңыз: Психиатрияда есепте тұру бала болашағына қалай әсер етеді?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова