Әскерде жүріп басынан жарақат алып, мүгедек болып қалған Ербаян Мұхтарға қазақстандықтар 227 миллион теңге жинап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Ербаянға ашылған әлеуметтік желідегі парақшада айтылды.
"26 тамызға Ербаян ЭКГ, өкпе рентгенографиясына жазылды. Ербаян ұзақ уақыт төсекте жатқандықтан оның арқасына салмақ түсуі мүмкін. Сондықтан іркілістік пневмония бар-жоғын тексеру керек. Қазіргі таңда ең бастысы - Ербаянның ұзақ уақыт ұшуға дайын болуы керек. Ертең Германия елшілігіне барып, олар қалай көмектесе алатынын сұраймыз, себебі Ербаянды Германияда емдеу қажет деп шештік", - делінген хабарламада.
Әзірге Ербаянның еміне қанша теңге жұмсалатыны белгісіз.
Бұған дейін сарбаз Ербаян Мұхтар жайлы жазған едік. Желіде сарбазға қатысты жантүршігерлік видео тарады. Роликте ол әскерге өз еркімен кетіп, артынша ауруханада ауыр халде жатқаны көрсетіледі. Сарбаз алты айдан бері комада жатыр.
Ербаян Мұхтар әскерде басынан жарақат алған. Қазіргі таңда ол өз күшімен тамақтана алмайды және сөйлей алмайды.
Ұлттық ұлан бұл дерекке қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
"Қатардағы жауынгер Мұхтардың басынан соққы алуына байланысты Қылмыстық кодекстің 440-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда қажет сараптамалар тағайындалды. Соталды тергеу әлі де жүріп жатыр. Тергеу барысы ІІМ басшылығының жеке бақылауында", - делінген ведомство хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, реабилитациялық емнен кейін Ербаянның ата-анасының сұрауы бойынша сарбаз үйіне жіберілген. Қазіргі таңда сарбазға мүгедектік рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!