Қазақстандықтар аптасына неше сағат жұмыс істейді?

Қазақстандықтар аптасына неше сағат жұмыс істейді?
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Қазақстандықтар негізгі жұмыс орнында аптасына орта есеппен 39 сағат еңбек етеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың үшінші тоқсанына арналған мәліметінде айтылған, деп хабарлайды Massaget.kz.

Кімдер көбірек жұмыс істейді?

Жұмыс уақыты қызметкердің жұмыспен қамтылу мәртебесіне қарай ерекшеленеді.

41 сағат

Жалдамалы қызметкерлердің апталық орташа жұмыс уақыты

36 сағат

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың апталық орташа жұмыс уақыты

Жалдамалы қызметкерлер өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қарағанда аптасына орта есеппен бес сағат артық еңбек етеді.

Қазақстанда қанша адам жұмыс істейді?

2026 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстан экономикасының түрлі саласында 9 миллион 403,4 мың адам жұмыспен қамтылған.

Олардың:

  • 7 миллион 247,7 мыңы немесе 77,1 пайызы — жалдамалы қызметкерлер;
  • 2 миллион 155,7 мыңы немесе 22,9 пайызы — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыспен қамтылған халық саны 73,3 мың адамға артқан. Жалдамалы қызметкерлер саны бір жыл ішінде 92,3 мың адамға көбейді.

Қазақстандықтар қай салаларда көп еңбек етеді?

Жұмыспен қамтылған халықтың ең көп үлесі сауда саласында тіркелген. Одан кейін білім беру, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салалары орналасқан.

  • Сауда — 16,8 пайыз;
  • Білім беру — 13,3 пайыз;
  • Өнеркәсіп — 12,6 пайыз;
  • Ауыл шаруашылығы — 10,5 пайыз.

Осы төрт салада Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халықтың 53,2 пайызы еңбек етеді.

Жұмыссыздық деңгейі қандай?

2026 жылдың үшінші тоқсанында еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз болды. Жұмыссыздар саны 445,6 мың адамға жетті.

Ал 15 пен 34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9 пайызды құрады.

Кім жұмыссыз деп есептеледі?

Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша табысты жұмысы жоқ, оны белсенді іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын адам жұмыссыз саналады.

О. Сансызбай
Logotype Massaget