Қазақстандықтар Әлімқұл Жамбыловты ақтық сапарға шығарып салды

Қазақстандықтар Әлімқұл Жамбыловты ақтық сапарға шығарып салды
Фото: 24.kz

Асылдың сынығы, атақты ақын Жамбыл Жабаевтың немересі Әлімқұл ақсақал 14 қараша күні, 88 жасында өмірден озды.

Бүгін халық ақыны, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әлімқұл Жамбыловты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Ақын өзінің туған жері Жамбыл ауылына жерленді. Бір жасқа толмай жетім қалған Әлімқұл Жамбыл атасының тәрбиесін алды, өлеңдерін жатқа айтып өсті. 1947 жылы киноактер мектебін бітірген ол әр жылдары мәдениет бөлімінде, баспасөз саласында қызмет етті.

Әлімқұл Жамбылов – қазақтың айтыс өнерін жалғастырушылардың бірі. Республикалық талай жыр додаларына қатысып, жүлде алды. Ақынның «Қызыл сырлы домбыра», «Мен Әлімқұл, Жамбылдың немересі», «Атадан қалған бір мұра», «Жамбыл қаласында» атты жыр жинақтары бар. Мәулен Қожашев, Жамбыл Жабаевтың шөбересі: - Әлекең бұл осы Жамбыл ата ұрпақтарының ішінде біздің ішімізде ерекше ағамыз еді. Атаның домбырасын ұстап, атаның атын шығарып, артында осындай ұрпағы бар екен ғой домбырасын ұстап жүр деген осы ағамыз еді.

Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жазушы: - Әлімқұл ақасақал өзінің бүкіл есті өмірін қазақтың бүтіндігіне, алаштың амандығына арнап сөз арнады. Өлеңнің бір жүйрігі өтті. Кешегі Есенқұлдардың ағасы өтті. Кешегі ұлы Сүйекеңдермен, Жәкеңдердің жалғасы өтті.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы