Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірде 100-ден астам камера қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін ең ұзын көпір ашылған болатын.
Көпір халық игілігіне берілген соң, алғашқы тәулік ішінде көпір үстімен 1,5 мың көлік жүріп өтті.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тәулік бойы бақылау үшін нысан бойында 102 камера орнатылды. Оның 62-сі нысанның үстіңгі жағында, ал қалған 40 камера көпір астындағы аумақта орнатылған.
Сонымен қатар мұздың жылжуы кезінде көпір тіректеріне зақым келтірмеу үшін нысанда 40 мұзкескіш қондырғы жұмыс істейді.
Көпір стратегиялық маңызы бар нысандардың қатарына жатады. Сол себепті көпірдің екі жағында тәулік бойы полиция бекеттері жұмыс істейді. Нысанға уақытылы техникалық қызмет көрсету үшін бақылау пункттері де қарастырылды.
Көпір тәулігіне 80 мыңға дейін автомобиль өткізе алады, өткелге дейін 18 шақырым жаңа жол салынды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз