Небәрі 13 жастағы Абзал бүгінде Қазақ-Британ техникалық университеті, ақпараттық технологиялар факультетінің 2-курс студенті. Естеріңізде болса, ол осыған дейін студиямызда қонақта болып, өзі жайлы, отбасы және еліміздегі бірқатар түйткілді мәселелер жайлы айтып берген еді. Сұхбат барысында «Мен болашақта Қазақстан ғылымына өз үлесімді қосып, туған елімнің мүддесіне жұмыс істегім келеді» деген еді. Осы мақсатты жүзеге асыруды вундеркинд бүгіннен бастап кеткен сияқты. Елбасы тапсырмасы бойынша латын қарпіне өту мәселесі көтерілгелі бері Абзал да бұл іске білек сыбана кірісіп кеткен. Ол осы уақытқа дейін латын әліпбиінің 4 нұсқасын жасап шықты. Соның ішінен ең бірінші болып жасаған нұсқаға жақында авторлық куәлік алды. Латын графикасына негізделген бұл әліпби «ABZALalphabet» деп аталады.
Абзалдың әліпбиінің ең негізгі артықшылығы ол – 26 әріптен құралған. Яғни, қазақша мәтін теру үшін арнайы бағдарлама іздеп, оны жүктеп жүрмейсіз. Кириллицадағы қазақ әліпбиі сияқты және «19.02.2018 жылғы бекітілген диакритикалық акуты бар әліпби» сияқты «арнайы бағдарламадан тұратын клавиатураға» тәуелді болмайсыз.
Абзалдың әкесі Дәуренбек Нысанов редакциямызға арнайы хат жолдап, сүйінші сұрар жаңалықты жеткізді. Бұл хатты оқырманның да назарына ұсынуды жөн көрдік.
Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі – «ABZALalphabet»
Мен, Мырзаш Абзал Дәуренбекұлы, өзім жасаған латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бойынша ұсынып отырған осы нұсқамның артықшылығын дәлелдеу үшін, ең алдымен 2018 жылдың 19 ақпанында жарияланған «акутпен жасалған жаңа әліпбидің» кемшіліктерін салыстырмалы түрде айта кетейін:
1) Акутпен жаcалған әріптер компьютердің клавиатурасында жоқ. Компьютерден қазақ тілінде мәтін жазғанда қиындықтар тудырады.
2) Ц, Щ, Ю, Я әріптері жоқ. Әсіресе, жаңа әліпбиде неліктен Щ, Ю, Я әріптері ескерілмеген? Мысалы: қазақтың «ащы, тұщы, аю, ою, қою, қоюландыру, Баян, баяғы, ұя, ұят, саяхат, саябақ, таяқ» және тағы басқа қазақтың төл сөздерін қалай жазамыз? «цунами, цитоплазма, Цейлон, Целебес, Цхинвали, Цюрих, Циалковский, Сосковец» және тағы басқа термин сөздерді, жер-су аттарын, қала атауларын және адамның аты-жөндерін қалай жазамыз?
3) Іі, Ии/Йй (Ii,II) әріптерінің бас әріптерін бірдей, ал мәтіндік кіші әріптерін ұқсас етіп жасаған. Мысалы: «Ілгіш, Инелік», деген сөздерді жазғанда Ilgish, Inelik деп жазылып, Ілгіш, Інелік деп оқылады және І әрпімен И әрпін ажырату қиындап, түсініксіз болады.Сонымен қатар, «тиін, киім, киік» сөздерін жазу қиындықтарды тудырады. Өйткені, кіші и/й (I) әрпі компьютердің клавиатурасында жоқ. Мысалы: тиін - tiIn, киім–kiIm
4) Егерде асхана, Асхат Исхаков деген сөздерді «акуты бар жаңа әліпбимен» жазатын болсақ,ashana деп жазылып, ашана деп оқылады, Ashat Ishakov деп жазылып, Ашат Ишаков деп оқылады.
5) Қазақтың кириллицадағы ең керекті 38 дыбысын қысқартып, 32әріппен 34дыбысжасалған. 32 әріптен тұратын акуты бар әліпби 4 дыбыстың тапшылығынан ауылшаруашылық, архитектура, әскери, биология, ветеринария, география, геология және минералогия, заң, медицина, педагогика, политология, психология, социология,тарих, техника, фармацевтика, физика және математика, филология, химия, экономика ғылымдарының терминдерін және спецификалық сөздерін жазуға келмейді. Жаңа әліпбидің тығырыққа тірейтінін ешкім ескермеген.
6) 2018 жылдың 19 ақпанында жарияланған «акутпен жасалған жаңа әліпбиді халық ұнатқан жоқ. Әсіресе, осы диакритикалық акуттен құралған жаңа әліпбидіIT-мамандары, журналистер, банк қызметкерлері, кәсіпкерлер, мұғалімдер, оқушылар, студенттер ұнатқан жоқ.
Латын графикасы негізінде әліпби жасаудың әлемде қалыптасқан (диграфтық, диакритикалық(акуттық) және апострофтық) үш тәсілі бар. Бірақ, филологтар арасында да, лингвистер арасында да, қоғамда да осы үш тәсілдің біреуін қолдайтындар, қалғанына қарсы болатындар бар. Себебі, латын таңбалары қазақ тіліне арналмаған және қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесі емес.
Екінші бір мәселе, біз түркі әлемінен алыстап кетпеуіміз керек деген пікірлер айтылып жүр. Менің пікірім, біз қай әліпбимен де түркі әлеміне жақындай алмаймыз. Әліпби деген таңба. Ағылшынның 26 таңбасын бәріміз білеміз, бірақ бәріміз ағылшын тілін білмейміз. Сол сияқты, түріктікі басқа, әзірбайжандікі басқа, түркімендікі және өзбектікі басқа. Сондықтан әліпби арқылы түркі әлеміне жақындасып кетеміз, басқа түрік тілдерін игеріп аламыз деу шындыққа жанаспайды.
Ал, Тіл білімі институтындағы кейбір тіл мамандарының ғалымдары "бір дыбыс бір әріп" болғаны дұрыс деп, Ахмет Байтұрсынұлының жасаған қазақ-латын әліпбиін жөн санайды екен.
Бұлай болған жағдайда компьютердің клавиатурасында жоқ әріптерді қолдану қиындықтарды және сауатсыздықты тудыратыны сөзсіз. Оған, қазіргі жастардың компьютерден, планшеттен және смартфоннан қазақтың сөздерін орыстың әліпбиіндегі кирилл әріптерімен жазып, сауатсыздық көбеюі себеп бола алады. Мысалы: Құдағи аң-таң болған күйі не дерін білмеді. Жәнібектің ерке қызы өзін әлпештеп өсірген әжесінен де кешірім сұрамады дегенді «Кудаги ан-тан болган куйи не дерин билмеди. Жанибектин кызы озин алпештеп осирген ажесинен де кеширим сурамады» деп жазады.
Тағы да айта кететін себептер бар. Ахмет Байтұрсынұлының латын графикасындағы әліпби 1940 жылға дейінгі уақытта пайдаланылған, ол кезде компьютер болмаған, қолмен жазғанын бәріміз білеміз. Қазіргі ақпараттық технология заманында Байтұрсынұлының әліпбиі жарамайды.
Үшінші бір мәселе, әліпбиімізді «акуттық диакритикалық таңбалардан» жасасақ та, «төбесінде қос нүктесі, астында құйрығы, белінде белбеуі бар акутсыз диакритикалық таңбалардан» жасасақ та төл әріптеріміз компьютердің пернетақтасына сыймайды.
Сондықтан қанша жерден қосымша арнайы компьютерлік бағдарлама жасағанымызбен қиындықтар арта түседі. Өйткені, стандартқа сай емес, яғни, клавиатурадағы 26 әріптен тыс «диакритикалық акуты бар әліпби» болғандықтан проблема көбейеді.
Егер ақпараттық технология саласында ешкімнен кем болмай, әлемдік деңгейге шығамыз десек,шикілігі көп «акуты бар 19.02.2018 жылы бекітілген жаңа әліпбиден» бас тартуымызға тура келеді.
Сондықтан, о бастан айтылған Елбасының негізгі идеясы бойынша компьютердің пернетақтасына (клавиатурасына)ыңғайлап, қазіргі заман талабына сай болатындай, латынның 26 әрпінен диграфтық тәсілмен қазақ-латын әліпбиін жасау болғандықтан, үлесімді қосу үшін өз нұсқамды ұсынып отырмын.
Осы тұста тіл мамандарының жіберген диграфқа байланысты орын алған кемшіліктерін де салыстырмалы түрде айта кетейін:
11.09.2017жылғы Парламентте қаралып, халыққа ұсынылған Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық координациялық-әдістемелік орталығының диграфтан тұратын қазақ-латын әліпбиінің жобасында сәтсіз шыққан Ae,Ng диграфтары болды.
Оған дәлел "cәбіз", "Нәби" сияқты сөздерді тергенде "saebiz", "Naebi" орыс тіліндегі анайы сөздер шыққанына халықтың қарсы болғанын еске түсіре кетейін.
Сонымен қатар, қазақтың "түнгі", "сенген" сияқты сөздерін тергенде "tuengi" деп жазылып, "түңі" деп, ал "sengen" деп жазылып "сеңен" деп оқылады ғой. Міне, осындай кемшіліктер орын алған соң, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде халық қарсылық танытқаны туралы жарияланып, қабылданбады.
Ал, менің жобамда ондай кемшіліктер жоқ. Өйткені, мен қазақ тілінің фонетикасын, лексикасын, орфографиясын және грамматикасын сақтай отырып, диграфтарды пайдаланғанда сөз құрылымдарының ағылшын және орыс тілдерінде кездесетін анайы сөздердің орын алмауын ескеріп, қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасын жасағанмын.
Өз жобамда кириллицадағы қазақ әліпбиінің ең керекті деген 38 дыбысын 36 әріппен сақтауға тырысқан болатынмын. Себебі, олай етпеген жағдайда қазақ ақын-жазушыларының және ғалымдарының өткен ғасырдан бастап осы кезеңге дейінгі орны толмас еңбектері мен шығармаларын қазақ-латын әліпбиіне көшіру мүмкін болмайтынын ескердім.
Осы жобамда латын графикасына негізделген қазақ алфавитінде диграфтарды қолдануды қарастырдым. Осылайша өзге тілде кездеспейтін қазақтың 9 төл әріптерінің төртеуін (Ә - Aa, Ғ - Gh, Ө - Oe, Ү -Ue) диграфпен, ал бесеуін (І - I, Қ -Q, ң –h, Ұ -U,h - х) бір дыбыс бір әріппенбелгіледім.Сондай-ақ, қазақ әліпбиіндегі өзге ұлттармен ортақ 2 әріпті (Ж - Zh, Ш - Sh) және орыс тілінен енген 3 әріпті (Ч -Ch, Ю -Jw, Я -Ja)диграфпен көрсеттім. Тек қана,қазақтың «ащы» және «тұщы» деген екі-ақ сөзінде кездесетін бір әріпті (Щ -Sch) триграфпен белгіледім.
Тек, дауысты дыбыстардан кейін кездесетін «ң» әрпін–«h» әрпімен белгіледім. Егерде «h» әрпі дауыссыз дыбыстан кейін тұрса диграфты құрайды және «визуальді» түрде оңай оқылады.
Qazaqstan respwbljkasynyh memlekettik aanurany
(Мырзаш Абзал Дәуренбекұлының 29.06.2017 жылы жасаған латын графикасына
негізделгенқазақ тілі әліпбиі «ABZALalphabet»нұсқасымен жазылған гимн)
Soezin zhazghandar: Zhumeken Naazhimedenov, Nursultan Nazarbaev
Aanin zhazghan: Shaamshi Qaldajaqov
Altyn kuen aspany,
Altyn daan dalasy,
Erliktih dastany,
Elime qarashy!
Ezhelden er degen,
Dahqymyz shyqty ghoj.
Namysyn bermegen,
Qazaghym myqty ghoj!
Qajyrmasy:
Menih elim, menih elim,
Guelih bolyp egilemin,
Zhyryh bolyp toegilemin, elim!
Twghan zherim menih - Qazaqstanym!
Urpaqqa zhol ashqan,
Keh bajtaq zherim bar.
Birligi zharasqan,
Taawelsiz elim bar.
Qarsy alghan waqytty,
Maahgilik dosyndaj,
Bizdih el baqytty,
Bizdih el osyndaj!
Qajyrmasy:
Menih elim, menih elim,
Guelih bolyp egilemin,
Zhyryh bolyp toegilemin, elim!
Twghan zherim menih - Qazaqstanym!
Төл әріптеріміздің ішінде жиі қолданылатын әріптердің бірі «ң» әрпіне байланысты қазақ тілінде сөздер және жалғаулар өте көп.
Қазақ тіліндегі сөздердің тұрқы ұзын болу себебі,тек «ң» әрпіне қатыстыжәне «-ың, -ің, -дың, -дің, -ның, -нің, -тың, -тің, -сың,-сің»сияқты спецификалық жалғауларға байланысты екенін анықтадым.
Әсіресе, жалғау түрінде сөздің тұрқын ұзартатын болғандықтан диграф ретінде «nh» қолданудың орнына латынның «h» әрпін қолдануды жөн санадым. Мысалы: aлдың-aldyh, aйттың-ajttyh, келдің-keldih,кеттің-kettih, кеткенсің-ketkensih, күрең-kureh, қызың-qyzyh, ұлың-ulyh.
Кейде, «ң» әрпі сөйлем арасындағы кейбір сөздерде 2-3 рет кездеседі. Сондықтан, «ң» әрпінің «тұрқы ұзын, күрделі сөздердің» арасынан оқылуы оңай болып, көзге күш түсірмей, визуальді түрде тез қабылдануы үшін, латынның «h» әрпімен белгіледім. Мысалы:айтқаныңның-ajtqanyhnyh, мыңның-myhnyh, әңгімеңнің-aahgimehnih, таңыңның-tahyhnyh және тағы басқа сөздер.
Қазақ тілінде сирек кездесетін кейбір әріптерді диграф және триграф түрінде қалдыруға тырыстым: Щ-Sch, Ю-Jw, Я-Ja. Мысалы: ащы-aschy, аю-ajw, ұя-uja.
Термин сөздерде, жердің атауларында, адамның аты-жөндерінде ғана кездесетін әріптердің жазылу ережесі: Ч-Ch. Мысалы: Чили-Chjlj, Иванович-Jvanovjch, Шевченко-Shevchenko.
Мен жасаған нұсқа инженерлерге, кәсіпкерлерге, барлық саладағы мамандарға, әсіресе IT-технология мамандарына, журналистерге, банк қызметкерлеріне,мұғалімдерге, жастарға, оқушыларға, студенттерге, магистранттарға, докторанттарға өте ыңғайлы.
Оның үстіне халықаралық терминдерді игеруде, қазақ тілін дамытуда және ақпараттық технологияларды жетілдіруде өте маңызды.
Халықтың пікірін білу үшін ата-анам әлеуметтік желілерге менің нұсқамды салған күннен бастап, көпшіліктен қолдау таптық.
Әр түрлі сайттарда және басқа бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақ-латын әліпбиіне қатысты менің жобам кеңінен таратылып, талқыланды. «диграфтардан тұратын Абзалдың ұсынған латын алфавитімен жазылған сөздер оңай оқылады, әрі әріптері есте тез сақталады», оның үстіне «компьютерде ешқандай қиындықсыз жазуға болады» деп ұнатқан қолдау білдірушілер менің нұсқаммен таныс болғандардың басым көпшілігін құрайды.
Айта кететін ең басты мәселе, 22.06.2017-15.07.2017 жылы, яғни 23 күннің ішінде мен компьютердің пернетақтасына лайықтап Қазақ-латын алфавитіне қатысты диграфтар арқылы 4 бірдей жаңа нұсқа жасап бітірген едім. Соның ішіндегі ең сәтті шыққаны қазіргі ұсынып отырған 1-нұсқам екенін түсіндім.
Осы 1-ші нұсқамды 29.06.2017 жылы диграфтық жолмен жасап бітіп, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі «ABZALalphabet»- деп атаған болатынмын.
Бүгінде IT-технология (Internet, E-mail, Viber, Facebook, WhatsApp, MS-Office, Windows, Unix, E-money, E-commerce, Web-banking, 1C-бухгалтерия және 1C-кәсіпорын) адам өмірінде маңызды роль атқарады. Онсыз күнделікті өмірді көзге елестету мүмкін емес.
Егер, қазақ-латын әліпбиі компьютердің пернетақтасында жоқ әріптерден құралса мәтінді теру қиындайды және E-commerce, Web-banking, 1C-бухгалтерия және 1C-кәсіпорын арқылы жіберілген мәтіндер оқылмай қалады.
Сондықтан, мен латын графикасына негізделген қазақ-латын әліпбиін (әрі қарай, «ABZALalphabet әліпбиі») компьютердің пернетақтасындағы 26 әріптен диграфтық тәсілді қолдану арқылы жасадым.
Диграфтық тәсілді қолданып қазақ-латын әліпбиін жасау сөздің тұрқын ұзартады деген пікірлерден кейін,ана тіліміздің фонетикасы, лексикасы, орфографиясы және грамматикасы бойынша төл әріптерімізге қатысты ерекшеліктерді ескере отырып, күрделі сөз құрылымдарына салыстырмалы түрдезерттеулер жүргізуге тура келді.
Осы зерттеулердіңнәтижесіндетөл әріптердің ішінде тек бір ғана «ң» әрпін диграф ретінде таңбалау сөздердің тұрқын ұзартатындығына себеп болатыны дәлелденді. Бұған дәлел ретінде Тіл білімі институтына ұсынылған қазақ-латын әліпбиіне қатысты жасаған (төрт нұсқамның ішіндегі) 2-ші және 3-ші нұсқаларымды айтуға болады. Осыған байланысты зерттеулерімді жүргізу барысында, 2017 жылдың 29 маусымында жасап біткен 1-ші нұсқамның, яғни ABZALalphabet әліпбиінің сәтті шыққан туынды екенін анықтадым.
Мен 1-нұсқамда төл әріптердің ішіндегі «ң» әрпінің таңбасын диграф ретінде пайдаланбай, тек «һ» әрпінің жеке таңбасымен белгілен едім. Сөйтіп, ABZALalphabet әліпбиіндегідиграф ретінде жазылатын төл әріптердің ешқайсысы сөздердің тұрқын соншалықты ұзартпайтыны және жеңіл оқылатыны анықталды.
Сонымен, өз нұсқаларыма зерттеулер жүргізудің нәтижесін қорытындылай отырып, жасаған сараптамаларымның арқасында, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне «диграфтық тәсілді қолдану сөздің тұрқын ұзартып, оқуға да, жазуға да қиындық келтіреді» деген тұжырым жоққа шығарылды. Мысал ретінде осы сөйлемді осы нұсқаға аударып оқып көрелік:
Sonymen, oez nusqalaryma zerttewler zhuergizwdih naatjzhesin qorytyndylaj otyryp, zhasaghan saraptamalarymnyh arqasynda, latyn grafjkasyna negizdelgen qazaq aalipbjine “digraftyq taasildi qoldanw soezdih turqyn uzartyp, oqwgha da, zhazwgha da qjyndyq keltiredi” degen tuzhyrym zhoqqa shygaryldy.
ABZALalphabet әліпбиіғылымның кез келген саласындаәскери салада, құрылыс және сәулет саласында,экономика және қаржы саласында, банк жүйесінде және бизнес саласында «электрондық формада»жіберілетінқазақ тіліндегі мәтіндер мен құжаттар тез жолданып, өзгеріссіз қабылданатын және оңай оқылатын болады.
Ең маңыздысы, мен жасаған ABZALalphabet әліпбиді қолдану IT-технологияның барлық саласы үшін өте тиімді. Әсіресе,1C-бухгалтерия және 1C-кәсіпорын бағдарламалары арқылы салық инспекциясына тоқсандық және жылдық есептердіжолдау қиындықтарды тудырмайтын болады.
Сонымен қатар, ABZALalphabet әліпбиін пайдалана отырыпкомпьютерде, планшетте, смартфондарда қазақ тілінде мәтіндерді теру, ғылыми термин сөздерді және спецификалық салалық сөздерді жазу өте ыңғайлы.
Бастысы, қайда болсаңызда, қазақша мәтін теру үшін арнайы бағдарлама іздеп, оны жүктеп жүрмейсіз.Кириллицадағы қазақ әліпбиі сияқты және «19.02.2018 жылғы бекітілген диакритикалық акуты бар әліпби» сияқты«арнайы бағдарламадан тұратын клавиатураға» тәуелді болмайсыз.
Иә, «ABZALalphabet әліпбиінің» ыңғайлы екені сол, әлемнің кез келген түкпірінен, яғни қай мемлекетте жүрсеңізде керекті ақпараттарды қазақ тілінде жазуға, оқуға, қабылдауға, немесе жолдауға болады.
Сондай-ақ, компьютердің пернетақтасындағы әріптерден ғана құралған ABZALalphabet әліпбиінің басты ерекшілігі, қазақша мәтіндерді жылдам жазу мүмкінділігіне ие болуға септігін тигізеді.
Мырзаш Абзал Дәуренбекұлы
ҚБТУ Ақпараттық технологиялар факультетінің 2-курс студенті