Қазақстандық ұшақтар ескертуге қарамастан Таяу Шығысқа ұшқан - СІМ

Қазақстандық ұшақтар ескертуге қарамастан Таяу Шығысқа ұшқан - СІМ
Фото: depositphotos.com

Қазақстандық ұшақтар ескертуге қарамастан Таяу Шығысқа ұшқан. Бұл туралы СІМ өкілі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Туризм және спорт министрлігі бірқатар елдің әуе кеңістігінде және оған жақын жерде ұшуға тыйым салынғаны туралы үндеу жариялағанын еске салды. Бұл тізімге Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан кіреді.

"Туристерге жағдайды мұқият бақылап, сапарды жоспарлау кезінде, әсіресе, БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне барғанда қауіп-қатерді ескеру қажет. Қажет болған жағдайда қазақстандық туристерді "Туристік Қамқор" қоры және әуе компаниялары бірлесе отырып елге қайтарады", – деді ол.

Айбек Смадияров мемлекеттік органдардың ескертуіне қарамастан, Қазақстаннан БАӘ бағытына ұшақтар ұшқанын мәлімдеді.

"Мемлекеттік органдардың ескертуіне қарамастан, кейінгі екі күнде Қазақстаннан Біріккен Араб Әмірліктеріне бағыт алған ұшақтар толық жүктемемен ұшты. Таяу Шығыс елдеріне сапар шеккен кезде барлық қауіп-қатерді мұқият саралап, ойланып шешім қабылдауға шақырамыз", – деді СІМ ресми өкілі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget