Қазақстандық тағы бір боксшы әлем чемпионатының жартылай финалында

Қазақстандық тағы бір боксшы әлем чемпионатының жартылай финалында
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Қазақстан командасының боксшысы Махмұд Сабырхан Ташкенттегі әлем чемпионатының жартылай финалына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

54 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан ганалық Мұхаммед Амадумен кездесті. Төрешілердің бірауыздан шешімімен қазақстандық жеңіске жетіп, жартылай финалға өтті. Осылайша, Сабырхан турнирдің кем дегенде "қола" жүлдесін алады.

"Бүгін Гана боксшысын жеңіп, жартылай финалға жолдама алдым, Аллаға шүкір. Бұл кездесуді негізі барымды салып, өз стилімде уақытынан бұрын аяқтауыма да болатын еді. Негізі кешегі қарсыласым мықты болғандықтан, арасында қабағым жарылып қалды. Сол себепті ағайларым "соққы тигізбей, ұпайыңды түгендеп, ұтсаң болды" деді. 3 раундты әдемі өткіздім деп ойлаймын. Әлі шаршаған да жоқпын. Ертең демалыс, арғы күні бокстасамын. Оған дейін қабағымды емдетемін", - деді боксшы жекпе-жектен кейін берген сұхбатында.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Kazakhstan Boxing Federation (@boxingkazakhstan)

Махмұд Сабырхан Азия чемпионы (2023), сондай-ақ әлем чемпионатының (2021) және Азия чемпионатының (2022) күміс жүлдегері.

Белгілі украиналық боксші Василий Ломаченкоға ұқсайтын жекпе-жек стиліне байланысты оны "қазақтың Ломаченкосы" деп те атайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан