Шілденің 16-30 аралығында Астана қаласында Urban Street Art Fest көше суретшілерінің байқауы өткен еді. Осы байқаудағы суреттердің бірі жақында әлемнің үздік туындысы деп мойындалып, стрит-арт туындылары жайлы жазатын әлемдегі ең беделді басылымдардың бірі StreetArtNews порталында жарияланды. Бұл туралы Астана қаласы, Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында хабарлады. Граффити Сұлтандар деп аталады. Авторы астаналық суретші Дмитрий Левочкин. Суретшінің туындысы, 12 тамыз күні @streetartnews Instagram парақшасында да жарияланған. StreetArtNews заманауи қала өнері туралы жазатын, бүкіл әлемдегі граффити туындыларын жариялап отыратын ағылшындық интернет басылым. Туынды иесі Дмитрий Левочкиннің конкурс барысында таңдаған тақырыбы Қазақстанның тарихы мен дәстүрлерін насихаттауға бағытталған. Суретші графиканы фон ретінде пайдаланып, суретті 3D форматында салған. Тарихқа көз жүгіртсек, граффити 1920 жылдан бастау алады. Сол кезде қоғамға қатысты, билікке деген көзқарасын шығармашылық жолмен жеткізуге ұмтылған жастар тауар вагондары мен ғимарат қабырғаларына түрлі кескіндемелер сала бастаған. Суреттер халық арасына айтарлықтай тез тарап, танымал бола бастайды. 1970 жылдардың ортасына қарай граффити Батыста өнер ретінде мойындалса, Қазақстанда 1990 жылдардан бастап дамыды. Бүгінде елімізде граффити салумен айналысатын 50-ден астам топ бар. Олардың қатарына Repas, Тиграхауд, Номад, Made,т.б. топтаркіреді. Бұл топ мүшелері өз аттарын жазып кеткен жазуларды көшеден көптеп кездестіреміз.