Алматы облысының прокуратурасы тексеріс жүргізіп, 305 қазақстандық шенеунік казиноға 507 миллион теңге жұмсағанын анықтаған. Тексеру қорытындысы құзыретті органдарға берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Тексеру нәтижелері туралы құжатты журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жариялады. Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметі бұл расында бар құжат екенін айтты.
"Иә, растаймыз. Біз бұл тексеруді жүргізіп, тізімдегі барлық мемлекеттік органға шара қабылдау үшін жібердік", - делінген прокуратура хабарламасында.
Құжатта прокурорлар казино мен ойын автоматтары залдарының қызметін тексеріп, мемлекеттік қызмет атқару кезеңінде осы мекемелерге әр түрлі аймақтардан келген 305 шенеунік туралы жазылған. Олар құмар ойындарға 507 миллион теңге жұмсаған.
Анықталған шенеуніктердің ішінде:
Ішкі істер министрлігінен - 97;
Қорғаныс министрлігінен - 95;
Қаржы министрлігінен - 25;
Жоғарғы Соттан - 7;
Қаржы мониторингі агенттіктерінен - 15;
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен - 3;
әкімдіктерден - 36;
өзге мемлекеттік органдардан - 27.
"Моральдық-этикалық нормаларға қарамастан, жылдық табысы 10 миллион теңгеден аспайтын Астана әкімдігінің қызметкері жалпы сомасы 53 миллион теңгеге Vellagio казиносына 54 рет барған. Жылдық табысы 7,9 миллион теңгеден аспайтын Атырау облысының энергетика және ТКШ басқармасының қызметкері жалпы сомасы 3,2 миллион теңгеге "Торнадо 777" ойын автоматтары залына екі рет барды. Жылдық табысы 3 миллион теңгеден аспайтын Алматы облысы бойынша Қазынашылық департаментінің қызметкері Astoria және "Макао" казиноларына 33 миллион теңгеге 25 рет барды. Жылдық табысы 3 миллион теңгеден аспайтын Қаржы мониторингі Агенттігінің қызметкері Astoria казиносына үш рет 25 миллион теңгеге барды", - деп атап өтті облыстық прокуратура өкілдері мысал ретінде.
Прокурорлар шенеуніктердің құмар ойындарға жұмсаған ақшалай қаражатты қайдан алғанын анықтауға шақырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!