- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандық профессор әлемдегі...
Қазақстандық профессор әлемдегі ең беделді ғалымдардың тізіміне енді
Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Ратбай Мырзақұлов әлемдегі ең беделді ғалымдардың рейтингіне енді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл көрсеткішті жыл сайын Америка Құрама Штаттарының Стэнфорд университеті сарапшылары жасап шығарады. Онда әлеуметтік желіде ең көп қаралып, сілтеме жасалған еңбектер сараланады. Қазақстандық ғалымның "Мырзақұлов теңдеуі" мен "Мырзақұлов гравитациясы" деп аталатын еңбектері шетелдік мамандарды қызықтырып отыр.
Стэнфорд университетінің сарапшылары бұл рейтингті Elsevier (Эльсевир) ғылыми баспасының кейінгі мәліметтеріне сүйене құрастырады. Онда әлемдегі ең үздік ғалымдардың еңбектері екі санат бойынша бағаланады. Біріншісіне, бүкіл еңбек жолында жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдар ұсынылса, екіншісіне, кейінгі жылдары жасаған еңбегіне көп сілтеме жасалған ойшылдар бағамдалады. Осылайша, академик Ратбай Мырзақұлов астрофизика-гравитация-космология бойынша зерттеулері үшін бірден қос тізімге енді.
"Ғылым - бұл конкуренция. Сол бүкіл дүниежүзінің мемлекеттері бар Еуропа мемлекеттері, Америка мемлекеттері, Азияның мемлекеттері бар солардың бүкіл ғалымдарымен конкуренцияға түсіп, соның алдынғы жағына шығып екі пайызына кіру - біз үшін үлкен мәртебе. Ол субьективсіз обьектив баға біз үшін берілген", - деді физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ратбай Мырзақұлов.
1998-99 жылдары америкалық ғалымдар планетаның үдемелі кеңейіп бара жатқанын дәлелдейтін мақалаларды жарыққа шығара бастайды. Ол пікір қайшылығын туындатып, эскперимент түрінде дәлелденсе де, теорияда ешкім дәлелдей алмайды. Бүкіл әлем ойшылдары назарға алған ілімді, қазақстандық ғалым Ратбай Мырзақұловта зерттейді. Нәтижесінде, ол Эйнштейннің кеңітілген теориясын жасап шығарады. Физик өз еңбегін "Мырзақұлов гравитациясы" деп атайды. Дәл осы еңбек шетелде танымалдылыққа ие болып, басылымдарында 10-нан аса мақала жазылған.
"Ғалым "Скопс" журналының құрметті редакциясында. Атағы үлкен бір ойып орын алатын кісі. "Томсон" лидер журналы бойынша да өзінің үлкен орны бар. Сондықтан бұл кісінің қай жерді алып қарасаңыз да, білімді, ғылымның қай саласын алып қарасаңыз да, бұл кісінің алатын орны үлкен", - дейді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Нұрқасымова.
Бүгінде Ратбай Мырзақұлов - 400-ден аса ғылыми жұмыстың авторы. Оның 300-ден аса мақаласы шетелдік баспаларда жарияланды.
"Мырзақұловтың теориясы барлық міндетті өте қызық сипаттайды. Ол нақты дәлелденіп жазылған. Оны әртүрлі елдің ғалымдары белсенді түрде зерттеп жатыр, сондықтан ол әлемдегі ең беделді ғалымдардың, ең көп сілтеме жасалған ғалымдарының тізіміне енді", - дейді ЕҰУ ''Жалпы және теориялық физика'' кафедрасының меңгерушісі Қобланды Ержанов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек