Физикадан халықаралық олимпиадада ел намысын қорғаған оқушылар жүлдеге ие болды. Жарыс Швейцариядағы Цюрих қаласында 10-15 шілде аралығында өткен. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-парақшасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Ел намысын 5 оқушы қорғаған. Олар 75 елден келген 368 жасөспірім арасында сынға түскен.
"Ұлттық құрамамыздың қоржыны тағы да медальдармен толықты. Оқушыларымыз керемет нәтиже көрсетіп, физикадан халықаралық олимпиадада (IPhO) 1 алтын және 4 күміс медаль жеңіп алды. ...Балаларымыз былтыр 5 күміске ие болған еді. Осылайша, биыл оқушыларымыз былтырғы көрсеткішті жақсартты", - деді оқу-ағарту министрі.
Министр оқушыларды құттықтап, жүлдегерлердің педагог-тәлімгерлеріне де төлем берілетінін айтты.
"Ұлттық құрама қоржынына Даниил Шатохин алтын және күміс медальді Ерсұлтан Пітебай, Владимир Лим, Дінмұхаммед Рахымжанов және Ризабек Алпамыс әкелді. Құрметті оқушылар! Сіздерді жеңістеріңізбен құттықтаймын! Сіздер жоғары нәтиже көрсетіп, еліміздің намысын әлемдік аренада абыроймен қорғай білдіңіздер. Бұл жетістіктеріңізге ата-аналарыңыздың қолдауы, ұстаздарыңыздың берген білімі септігін тигізді, сол үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Сіздерге алдағы уақытта да жеңісті күндер тілеймін. Биік белестерді бағындыра беріңіздер. Осындай беделді халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары ақшалай сыйақы алып, ұлттық жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ грантқа түсе алатынын еске сала кетейін. Сонымен қатар, жүлдегерлердің педагог-тәлімгерлері де төлем алады", - деді министр.