Қазақстандық оқушылар роботты техникадан бүкіләлемдік Олимпиадаға қатысады

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары су мен жерді, тіпті ғарышты зиянды қалдықтардан қалай қауіпсіз тазартуға болатынын ойлап тапты.

Болашақта мұндай құлтемірлер ғаламшардағы тазалық үшін жауап беретін құралға айналуы ғажап емес. Өз идеяларын оқушылар Астанада роботты техникадан өткен республикалық Олимпиадада таныстырды. Мысалы ғарышты артық қалдықтардан тазартатын құрылғыны талдықорғандық оқушылар ойлап тапқан. Олардың айтуынша, құрылғы қалдықты өз бетімен жинап қана қоймай, оны күн көзіне балқытып жібере алады. Қатысушылардың бірі су құрамын пластиктен тазартатын машина ойлап тапса, өзгелер ағын құбырларын адам көмегінсіз тазалайтын құрылғыларды жасап шығарған.

Күләш Шәмшидинова, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы - Біз мұнда балалар дайындап әкелген өте қызық жұмыстарды тамсана тамашаладық. Біреулер қалдықты жағу арқылы үйді жарық қылатын қуат өндіргісі келеді. Енді бірі планетамызды қалдықтан тазалау тәсілдерін ойлап шығарған. Тағы бірі, тіпті, радиоактивті қалдықтармен адам емес, құлтемірлер айналысуы керек деп топшылайды. Олардың ойы – адамзат баласын қауіптен сақтау.

Олимапиадаға еліміздің әр өңірінен 4 мың бала қатысуға ниет білдірген болатын. Ақтық сынға тек 211 оқушы ғана өтті. Содан енді ұлттық құрамаға 12 адам алынады. Олар Үнді елінде өтетін бүкіләлемдік Олимпиадада Қазақстан атынан білімдерін сынайды.

Дереккөз: 24.kz