- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандық оқушылар қай...
Қазақстандық оқушылар қай елдің мектеп формасын киіп жүр?
Оқушылар отандық өнім киіп жүр ме? Елімізде мектеп формасын тігетін қанша цех бар? Massaget.kz тілшісі мектеп формасына қатысты маңызды мәселелерге шолу жасады.
Мектеп формасын тігетін қанша цех бар?
Өнеркәсіп комитетінің Massaget.kz-ке берген ресми жауабына сүйенсек, Қазақстанда жалпы киім тігетін 802 кәсіпорын жұмыс істейді (4 ірі, 17 орта, 781 шағын).
"Елімізде мектеп формасын, спорттық киім, балалар аяқ киімін тігетін 80-нен аса кәсіпорын бар, олардың Қазақстан бойынша 170-тен аса дүкені бар", - деп жазылған жауапта.
Комитет мәліметінше, 40-қа жуық кәсіпорынның өз сайттары, Instagram әлеуметтік желісі, What’s App мессенджері, маркет плейстері бар және т.б. жолдармен жеткізу арқылы да жұмыс істейді.
Ата-аналардың таңдауы қандай?
Мектеп формасын тігетін отандық өндірушілердің бірінің сайтына шолу жасап көрдік. Ең арзаны - жейде, бағасы 7000-9000 теңгеден басталады. Ең қымбаты 20 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл ер балаларға арналған пиджактың, қыздарға арналған жакеттің бағасы.
Мектеп формасын тігетін тағы бір отандық өндіруші де осындай бағаларды ұсынғаны байқалады.
Ата-аналар арасында жүргізген сауалнама нәтижесінде отандық және түркиялық өндірушілер сұранысқа ие екені байқалды. Сонымен қатар мектеп формасы мен аяқ киімді қосқанда, ата-аналар баланы мектепке дайындауға орташа 60 мың теңге жұмсаған. Баға қанша дана киім алатынына, қай елдің киімін таңдайтынына, баланың жасына, т.б. сай өзгере береді.
"Оқушы қызыма жейдені 8 мың теңгеге, белдемшені 9 мың теңгеге алдық. Аяқ киімді 42 мың теңгеге алдым. Қазақстандық Bellasco брендін таңдадым. Сапасы жақсы. Екінші балам жеке мектепте оқитындықтан, арнайы форма беріледі", - деді ата-аналардың бірі.
"Биыл мектеп формасын қазақстандық бренд Glassman дүкенінен алдым. Сапасы ұнайды. Былтыр жилетін алғанмын. Түктенбейді және қанша жуса да пішіні өзгермейді. Сондықтан биыл кәстөм-шалбарын алуды жөн көрдім. Былтыр Түркиянікі деп сатқан жерден 2 шалбар алғанмын, екеуін кезектестіріп кигеннің өзінде түктеніп кетті. Шалбарды былтыр 11 мың теңгеге алдым. Биыл 12 мың теңгеге алдым. Сондықтан бағада аса айырмашылық жоқ, алайда сапалары әртүрлі", - дейді тағы бір ата-ана.
Кейбір ата-аналар базардан тиімді бағаға алуды жөн көреді. Базарларда Қытай, Қырғызстан, Түркия өндірушілерінің тауарлары ұсынылған.
Хиджаб киюге бола ма? Ең маңызды сауалдарға жауап
Оқу-ағарту министрлігі Massaget.kz-ке ең маңызды сауалдарға жауап берді. Заңға сәйкес ата-аналар мен оқушының өзге де заңды өкілдері міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, мектеп формасын сақтауға міндетті. Министрліктің мәліметінше, орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасына қойылатын талаптары арнайы бекітілген.
- Әр мектеп формаға қатысты шешімді өзі қабылдай ма?
"Мектеп пен кеңес (қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті, мектептегі өзін-өзі басқару ұйымы) мектеп формасының фасонын және белдемшенің ұзындығын таңдайды, бұл жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі", - деп жазылған жауапта.
Midjourney
- Хиджаб дауы: министрлік не дейді?
"Мектеп формасына әртүрлі конфессиялардағы діни бірлестіктердің киім элементтерін енгізуге жол берілмейді. Міндетті мектеп формасына қойылатын бұл талаптар білім беру ұйымдарының жарғысында, сондай-ақ білім алушылардың ата-аналары мен заңды өкілдері қол қойған білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттарда да көрініс тапқан", - деп жазылған жауапта.
- Министрлік пен жауапты органдар ата-анаға мектеп формасын аларда не ұсынады?
"Оқушылардың ата-аналары мен өзге де заңды өкілдері мектеп формасын кез келген сауда желісінен сатып алады. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім беру органдары ата-аналарға мектеп формасын отандық мектеп формасын тігетін өндірушілерден сатып алуды ұсынады. Басқарушы органдарға мектеп формасын тігетін кейбір өндірушілерге артықшылық беруге жол берілмейді", - деп жазылған жауапта.
- Мектеп ата-ананы бір жерден форма сатып алуға міндеттеуге құқылы ма?
"Ата-аналар мектеп формасын сатып алғанда, оның өндірушісін еркін таңдай алады", - деп жазылған жауапта.
Еске салайық, бұған дейін биыл баланы мектепке дайындауға қанша қаражат керек екені жөнінде материал жарияланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова