Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда жүлде алды

Қазақстандық оқушылар химия және биология пәндерінен өткен беделді халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетті. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ұлттық құрама қоржынына барлығы сегіз медаль түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ташкентте өткен 58-халықаралық химия олимпиадасында Қазақстан құрамасының барлық мүшесі жүлдегер атанды. Төрт оқушының бірі алтын, үшеуі күміс медаль иеленді.

Алтын медаль:

Айзере Жеңісханова — Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы.

Күміс медаль:

Әбілмансұр Қали — Астана қаласы Нұра ауданындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;

Данил Полетаев — Алматы қаласындағы №134 лицейдің 11-сынып оқушысы;

Ансар Жақсылықов — Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы.

Құрамаға халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы, Оңтүстік Кореядағы KAIST университетінің студенті Санжар Бегдайыр мен химия және экономика магистрі Әнуар Нұртазин жетекшілік етті.

Биылғы химия олимпиадасына әлемнің 90-нан астам елінен 350-ден аса үздік оқушы қатысты. Олар бес сағатқа созылған теориялық және тәжірибелік кезеңдерде күрделі есептер шығарып, зертханалық жұмыстар орындады.

Халықаралық химия олимпиадасы мектеп оқушылары арасындағы ең беделді жеті пәндік олимпиаданың қатарына кіреді. Қазақстан бұл додаға 1998 жылдан бері қатысып келеді.

Қазақстандық оқушылар биологиядан өткен халықаралық олимпиадада да ел мерейін үстем етті.

Вильнюсте ұйымдастырылған 37-халықаралық биология олимпиадасына 84 елден 330-дан астам жас биолог қатысты. Қазақстан құрамасы үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды.

Осылайша, ұлттық құрама 1996 жылғы ең үздік нәтижесін қайталады. Қазақстандық биологтар мұндай жетістікке соңғы 30 жылда алғаш рет қол жеткізіп отыр.

Күміс медаль:

Ерсұлтан Қайыркен — Павлодар облысындағы дарынды ұл балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;

Софья Желтова — Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;

Әлихан Аширханов — Алматы қаласындағы мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.

Қола медаль:

Евгения Меженина — Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы.

Құрамаға Лейла Асқарова, Ілияс Сакимов, Камиля Садықова және Дінмұхаммед Оразбаев жетекшілік етті.

Халықаралық биология олимпиадасы 1990 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл жарысқа 1994 жылдан бастап қатысады. Былтыр ұлттық құрама төрт қола медаль иеленсе, биыл үш күміс және бір қола жүлдемен тарихи нәтижесін қайталады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!