Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050 Стратегиясында» белгіленген айқын бағдарлар болашаққа деген нық қадам, тың серпіліс. Бұл бағдарлама соңғы онжылдықтардағы міндеттер мен принциптерді анықтауға мүмкіндік береді. 2050 жылы еліміз әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі тиіс.
Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, көпұлтты және көпконфессиялы қоғам табысының негізін жаңа қазақстандық патриотизм қамтамасыз етеді. Бұл болашақ ұрпаққа арналған бағыт, бағдар екендігі бесенеден белгілі.Соның негізінде еліміз қазір тұрақты даму жолына бағыт алды, ел экономикасы көтеріліп, халықтың әл-ауқаты жақсарды.
Ұлттығымыздың ұлы шаңырағы – Астананың қарыштап дамып, өркендеуі Қазақстанның мәртебесін қазір асқақтатып отыр. Елорда – ел өркендеуінің негізі екендігі сөзсіз. Саяси тұрақтылықтың, экономикалық өрістеудің орталығына айналды. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында Қазақстан күннен-күнге өмірдің барлық саласы бойынша жедел даму үстінде. Әсіресе, машина құрастыру, автоөндірісі қызу қарқын алуда.
Таяуда Қостанайға келіп кеткен сапарында Елбасы осы жайттарды алға тарта баяндап, сауда-экономикалық және мәдени қарым-қатынастар төңірегінде әңгіме өрбітті. 2010 жылы құрылған «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің өнімдерін көріп, бағасын берді. Бұл кәсіпорын 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Оңтүстік Кореяның Президенті Ли Мен Бак ортақ келісімі бойынша машина құрастыру саласында керемет жетістікке жетті.
Қазір Қостанайда жылына жеті мың автокөлік құрастырылып отыр. 2020 жылға дейін мұның санын арттыру жоспарда тұр. «АгромашХолдинг» АҚ да шаруалар үшін техниканың да түр-түрін нарыққа шығаруда. Міне, алдағы бірер айда қазақстандық ноу хау, яғни, тоқпен жүретін автокөліктерді халық пайдаланбақ. Бұл электромобилдер келер жылы Астана қаласында өтетін «ЭКСПО 2017» көрмесінде қойылады деп күтілуде. Экологиялық таза әрі үнемді автокөліктер тұтынушыға қажет-ақ. «Аллюр Тобы компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевтің айтуынша, қазір қостанайлық автоөндіріс Қазақстанның автотехникаға деген мұқтаждығын толықтай өтеп отыр.
Биылғы қыс айында Астана қаласында электромобильдерді сынақтан тағы бір өткізіп алуды жоспарлауда.2015 жылы «Аллюр Тобы компаниясы» АҚ-на кіретін «СарыарқаАвтоПром» ЖШС «Қазақстанның үздік тауары» номинациясында Toyota Fortuner автокөлігін шығару арқылы жеңіске жетті. Ал, JAC маркалы автокөлігі «Халық маркасы» номинациясын ұтып алды.Кәсіпорын қазірдің өзінде жоғары білікті мамандармен толығып отыр.
Қазір машина құрастыру бойынша мамандар арасында «Квест Профи» байқауы жалғасып, үздік маманды таңдау үстінде. Былтыр өткен жарыста Қайрат Рақымов есімді слесарь «Үздік слесарь» атанып, қазір бригадир-слесарь дәрежесіне өсті. Сондай-ақ, машина құрастырудың шеберлері Дулат Едірес, Азамат Сүлейменов, Қайыржан Доспанов, Дәмір Досов, Нұржан Әлібеков сынды шеберлер өз ісіңнің майталмандары. Барлығы да өз жұмысына ұқыпты, тиянақты қарайды. Қолдарынан шыққан өнімнің халыққа пайдалы болғанын қалайды.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Дереккөз: kostanaytany.kz