Қазақстандық қыз Солтүстік Кипрде ауыр пышақ жарақатын алған

Қазақстандық қыз Солтүстік Кипрде ауыр пышақ жарақатын алған
Фото: Видео кадры

Солтүстік Кипрдегі супермаркеттердің бірінде белгісіз ер адам қызға пышақ ала жүгірген. Алдын ала ақпарат бойынша зардап шеккен адам - Қазақстан азаматы. Сыртқы істер министрлігі өкілі осы оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

IHA порталы мәліметінше, оқиға 3 тамызда таңғы сағат 11:45 шамасында болған. Супермаркетке қаруланған ер адам басып кіріп, қызға бірнеше рет пышақ сұққан. Кейін ол сол пышақпен өзінің де мойын тұсын жаралаған. Оқиға орнында түсірілген видео желіде тарап кетті.

Зардап шеккен қыз бен шабуыл жасаған ер адам жергілікті ауруханаға жеткізілген. Қазір полицейлер шабуыл себебін анықтап жатыр.

Кейін зардап шеккен қыз 22 жаста екені белгілі болды. Ал күдікті Түркияның 31 жастағы азаматы болуы мүмкін. Ресми түрде расталмаған мәліметке сүйенсек, ер адам шабуыл жасамас бұрын қызды бірнеше күн бойы аңдыған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өкілдері бұл оқиғадан хабардар екенін және жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

"Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кипрде біздің азаматымызға қатысты болған оқиғадан хабардар. Қазір қазақстандық дипломаттар болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр және жергілікті құзырлы органдармен байланыста", - деді СІМ өкілі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget