Қазақстандық құтқарушылар Түркияда өлі табылғандардың туыстарына қаралы хабарды жеткізуге қиналыпты

Қазақстандық құтқарушылар Түркияда өлі табылғандардың туыстарына қаралы хабарды жеткізуге қиналыпты
Фото: видео скрині

Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қираған үйінділерді аршумен айналысқан қазақстандық құтқарушылар тәжірибелеріндегі ең ауыр іссапар туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Олар үйінді астынан өлі табылғандардың туыстарының көзіне тіке қарауға қиналыпты.

Қарағандылық құтқарушылар Түркияның Нұрдағы қаласында 12 күн болған. Осы аралықта арасында ғана қалғып кетіп, ұйықтап алғаны болмаса, 12 тәулік бір күндей өткен. Тек алты қабатты үйдің үйіндісі астынан анасы мен қызын құтқару сәті есте қалыпты. Үйдің жертөлесінде 93 сағат бойы тапжылмай отырған оларға арнайы ұңғыма жасап жеткенде, олар ең алдымен су сұрапты.

Іздестіру жұмысы күні-түні тоқтаусыз жүрген. Ал құтқарушылармен бірге жұмыс істеген екі иісшіл ит көбіне өлі дене табуға көмектескен. "Ауыр жағдайға психологиялық тұрғыдан қанша даяр болсақ та, қара жамылғандарды көріп, ет жүрегіміз елжіреді" дейді құтқарушылар. 

"Робот емеспіз, әрине, қиын болды. Олар бізге қарап "туысымызды тірі табады" дегендей үміттенеді. Мысалы, біз ағасын тапқан кезде, енді өлген кісіні тапқанда, маған өте маған қиын болды, кішкентай балалардың жылады. Енді ол әкесі емес, былай қарағанда, ағасы. Сонда да көп бала жылады", - дейді Қарағанды облысы апат медицинасы орталығының дәрігері Алмагүл Ардабекова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан