- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандық құтқарушы Түркияда...
Қазақстандық құтқарушы Түркияда аман қалғандарды іздеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын көрсетті
Қазақстандық Серғазы есімді құтқарушы Түркияда құтқару жұмыстары қалай жүріп жатқанын видеоға түсіріп әлеуметтік желіде жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айта кетейік, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының кинологиялық бригадалары мен дәрігерлері бар құтқарушылар тобы 7 ақпанда жер сілкінісінің салдарын жою үшін Газиантеп пен соған жақын маңдағы қалаларға ұшып кеткен болатын.
Серғазы Instagram парақшасында жүргізіліп жатқан жұмыстардың егжей-тегжейін көрсетеді.
Ол өз тобының таңнан кешке дейін жұмыс істейтінін, үйінді астынан бірнеше мәйітті тапқанын айтады. Оның айтуынша, түнде оларды екінші топ алмастырады. Осыған дейін әріптестірімен бірге қираған үйінді астынан үш адамды аман алып шыққан.
Серғазы түсірген кадрларда қираған ғимараттарды көруге болады.
Қазақстандықтармен бірге құтқарушы иттер де көмекке келген. Арнайы үйретілген бұл иттер үйінді астындағы адамдарды иісі арқылы табады.
Видеодағы иттің аты Джейкоб, қысқаша Джек. Ол алты жаста. Джек Серғазының айтуынша, өте тар саңылаулардан өтіп кете алады. Видеода иттің адамды иіскеп, қалай іздеуге кеткені көрсетілген.
Видеоларда құтқарушы акустикалық құрылғымен қалай жұмыс істеу керектігін де көрсетеді. Құрылғы үйінділер астында қалған адамдардың орналасқан жерін анықтауға арналған. Оларды анықтау шудың жалпы спектрінен оқшауланған тән акустикалық белгілер арқылы жүзеге асырылады. Бұл айғай, ыңырсу немесе қағу болуы мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова