Қазақстандық колледждерде сырттай оқу қай мамандықтарда алып тасталды?

Оқу-ағарту министрлігі өкілі колледждерде сырттай оқуға арналған мамандықтар тізімі қысқарғанын айтты. Ведомство мәліметінше, енді студенттер тек 23 мамандық бойынша сырттай оқи алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Екі жылдан аса уақыт бұрын 595 біліктілік бойынша сырттай білім алуға болатын. Білім министрлігінің мәліметінше, оқытудың бұл түрі студенттерге сапалы дағды қалыптастырмайды. Нәтижесінде колледж түлектері оқу орнын бітіргеннен кейін практикалық жағынан білімі жетіспей жұмыс таба алмай жатады.

"Министрлікте сырттай оқитын мамандықтарды қысқарту кезең-кезеңмен жүргізілді. Бұл жолы сырттай оқыту "радиоэлектрон көлік жабдықтарын пайдалану және техникалық қызмет көрсету (көлік түрлері бойынша)" мамандықтары бойынша, сондай-ақ, "техник-электроника", "пайдалы қазбаларды байыту (көмірді байыту)" біліктілігі бойынша "техник-технолог", "қалалық қатынас жолдарын салу және пайдалану" біліктілігі бойынша "техник-құрылысшы", "сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану" біліктілігі бойынша "тазарту құрылыстарының техник-технологы" және басқа да мамандықтар қысқартылды", - деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.

Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының міндетін атқарушы Ернат Жүнісовтың айтуынша, бүгінде қазақстандық колледждерде кадрларды даярлау кезінде дуальды оқыту белсенді дамып келеді. Өйткені еңбек нарығы қандай мамандар қажет екенін анықтап беріп отыр.

"Сырттай оқыту формасынан алыстап бара жатырмыз және мұндай шешімге түлектердің білімі мен дағдысының жеткіліксіздігі себеп болды. Мұны кезең-кезеңімен жасаймыз және болашақта жұмыс жалғасады. Дуальды оқыту кезінде өндірістік оқыту мен кәсіптік практика 60 пайыз деңгейде көзделеді, сол арқылы оқу уақытының жартысынан астамында білім алушылар өндірісте болады. Бұл тәсіл болашақ түлектердің білімі мен дағдысын арттырады, бұл оларды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді", - деді Жүнісов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!