- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандық кемемен Украинадан...
Қазақстандық кемемен Украинадан астық тасылған: ҚТЖ жаңа мәлімдеме жасады
ҚТЖ Украинадан Түркияға астық тасымалдамақ болған қазақстандық кемеге қатысты жаңа мәлімдеме жариялады, - деп хабарлайды Мassaget.kz компания баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Кеше БАҚ Украина Бас прокуратурасы жүк кемесін ұстап, қамауға алу жөнінде Түркияға сұрау салғанын хабарлады. Бұл өтініштің нақтылығын Украинаның уәкілетті мемлекеттік органдары тексереді. Екі елдің елшілерімен белсенді консультациялар жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Бұған дейін астық сату мәмілесі эстониялық Mangelbert OU компаниясы мен түрік тарапы арасында жүргізілгені хабарланған болатын. Еуропада тіркелген компания мәміленің заңды екенін мәлімдеп отыр. Жағдайды түсіндіру және халықаралық құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында ҚТЖ кемені жалға алушыға барлық растаушы құжатты (келісімшарттар, куәліктер және т.б.) қоса бере отырып, мән-жайды жедел түрде егжей-тегжейлі түсіндіруді сұрап хат жолдады. ҚТЖ халықаралық құқық нормаларын сақтауға міндетті екенін хабарлаған болатын.
Reuters мәліметінше, Украина Түркияға "Жібек Жолы" жүк кемесін ұстау және тұтқындау туралы өтініш білдірген. Ол Ресей басып алған Бердянск портынан Украина астығын тасымалдаған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
G. Dosymshalova