"ҚТЖ" ҰК" АҚ санкция шектеулерін қатаң сақтауға міндеттелді, - деп хабарлайды Massaget.kz "ҚТЖ" ҰК" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылғы 30 маусымда бірқатар басылымда қазақстандық "Жібек жолы" кемесімен Бердянск теңіз сауда порты арқылы Украинадан астық экспортталатыны туралы ақпарат жарияланған.
"KTZ Express АҚ 2021 жылғы 26 қазанда KTZ Express Shipping ЖШС (бұдан әрі - кеме иесі) ресейлік Green Line LLC компаниясымен бербоут-чартер шартын жасасқанын түсіндіреді, оның ішінде мына шарттарда:
- дедвейті 7000 тонна "Жібек жолы" кемесі үшінші тұлғаларға беру құқығынсыз берілген (2016 жылы Невский кеме жасау және жөндеу зауытынан сатып алынған);
- 2022 жылдың 30 қарашасына дейін жарамды;
- халықаралық тәжірибеге сәйкес санкция тармағы бар: Green Line жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келісімшарт жасасқан күні және әрекет ету мерзімі ішінде оларға ешқандай санкциялар қолданылмайтындығына кепілдік береді. Әйтпесе, кеме иесі келісімшарттарды дереу бұзуға құқылы", - делінген хабарламада.
Ал Green-Line ЖШС және оның басшылығы (Шепин А.В., Тихомирова М.В.) АҚШ, ЕО, Ұлыбритания және Канаданың санкция тізіміне енбеген.
Ведомство мәліметінше, тәжірибеге және жасалған шарттарға сәйкес жалға алушы жүктің түрі мен оны тасымалдау бағыттары бойынша кеме иесімен келіспейді.
"Green-Line жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1999 жылдан бері астық және мұнай трейдері ретіндегі эстониялық Mangelbert OU компаниясымен Украинадан Түркияға астық тасымалдау қызметін көрсетуге ұзақ мерзімді келісімшартқа отырған. Mangelbert OU басшысының айтуынша, 2022 жылғы 28 маусымда "Жібек жолы" кемесі Бердянск теңіз сауда портында (6 927,8 тонна) бидай тиеп, порттан Түркияның Қарасу порты бағытында шыққан (болжалды уақыт бойынша кеме 2022 жылдың 1 шілдесінде келді). Сонымен қатар, астық украиналық екені, ал тасымалдау украиналық тараптың өтініші бойынша келісілген гуманитарлық дәліз бойынша жүзеге асырылатынына сенімді", - деді компания өкілі.
Ведомство өкілі KTZ Express АҚ осы тасымалдауға қатысушылармен, сонымен қатар, дипломатиялық миссия өкілдерімен консультациялар жүргізетінін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та "Жібек жолы" кемесі арқылы Украинадан Түркияға 7 мың тонна астық заңсыз әкетілгені туралы ақпарат пайда болған еді. Сондай-ақ, "Жібек жолы" жүк көлігі қазақстандық кеме иесі KTZ Express Shipping-ке тиесілі екені айтылады.