Қазақстандық кәсіпкер 15 миллиард теңгеден аса қарызын қайтармай кеткен

Қазақстандық кәсіпкер 15 миллиард теңгеден аса қарызын қайтармай кеткен
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы прокурорлардың қатысуымен соттарда қаралған азаматтық және әкімшілік істер туралы айтты. Қадағалау органының жұмысының арқасында мемлекет мүддесінің 34,9 миллиард теңгесі қорғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, сотта мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі. Былтыр прокурорлар соттармен қаралған 20 мыңнан аса азаматтық және әкімшілік істерге қатысты.

Прокурорлардың өтінішхаттары мен наразылықтары бойынша 313 сот актісі, оның ішінде 60 - Бас прокурордың наразылықтары негізінде заңға сәйкестендіріліп, мемлекеттік мүдденің 34,9 миллиард теңгесі қорғалды. Прокурорлардың актілерімен олигополияға заңсыз берілген мүлік мемлекетке қайтарылды, бизнестің мүдделері мен азаматтардың құқықтары қорғалды.

Бас прокурордың 18 наразылығы бойынша мемлекетке магистральдық теміржолдар қайтарылды, 21,1 миллиард теңгеге бюджет шығындарының алды алынды.

Прокуратураның араласуынан кейін Жоғарғы Сот бизнесмен О.К. Шадиевті 15 миллиард теңгеден аса қарыз сомасын Ұлттық Банкке қайтаруға міндеттеді.

Жоғарғы Сот сатысы арқылы "Жайықмұнай" ЖШС-ны шарт міндеттемелерін орындамағаны үшін 580 миллион теңгеден аса айыппұлды бюджетке төлеу туралы Энергетика министрлігінің хабарламасының заңдылығы дәлелденген.

Кәсіпкерлердің мүдделері үшін прокурорлардың актілері негізінде 9 сот актісі, соның ішінде 7 – Бас прокурордың наразылығымен қайта қаралған. Жоғарғы Сот "Стройастес" ЖШС-ға қатысты 859 миллион теңгеге салықтарды есептеу туралы негізсіз хабарламаны бұзған.

Тағы да бірқатар іске қатысты Бас прокуратураның наразылығымен жер, тұрғын үй заңнамасы саласындағы азаматтардың құқықтары қорғалды. Нәтижесінде, прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде азаматтық және әкімшілік істер бойынша бірыңғай сот тәжірибесі қалыптасты. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек