- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандық каскадер Олжас...
Қазақстандық каскадер Олжас Тоғымбет Netflix түсіретін жобаға шақырту алды
Қазақстандық каскадер, актер Олжас Тоғымбет жақында Netflix түсіретін туындыға түседі, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы Revue news бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Сүйінші! Қазақстандық каскадерді Netflix туындысынан көреміз
Қазақстандық каскадердің айтуынша, қазір келісімшарт, дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан нақты қандай туындыға түсетіні құпия екен.
"Бұйырса, бір ұсыныс күтіп отырмыз. Netflix-те үлкен жоба басталайын деп жатыр. Қазір нақты ашып айта алмаймын. Әлі дайындық жүріп жатыр. Келісімшарт жасап жатырмыз. Келесі жылы өз жобамды түсіруді жоспарлап жатырмын. Экшн-жанрында фильм түсіргім келеді", – деді актер сұхбатта.
Олжас Тоғымбет кім?
Олжа Тоғымбек – 1984 жылы өмірге келген. Актер, каскадер. Бірнеше отандық фильмге түскен.
2000 жылы каскадерлік координатор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожинов ұйымдастырған Nomad Stunts халықаралық кәсіби каскадерлар оқуына қатысқан.
"Время" (2018), "Миссия выполнима" (2022), "35-я страна" (2024) фильмдерінің түсіріліміне қатысқан. Жақында прокатқа шығатын "Парковщики" фильміне де түскен.
Неге үнемі жағымсыз кейіпкерді сомдайды?
Актер Олжас Тоғымбеттің айтуынша, оны көбінесе жағымсыз кейіпкердің рөліне таңдайды екен. Жақында жарыққа шығатын "Парковщики" фильмінде де антагонистің рөліне бекітіліпті.
"Жақында қазақстандық "Парковщики" фильміне түстім. Режиссері Әнуар Матжанов. Экшн-комедия жанрындағы фильм. Әнуардың түсірілім алаңында қандай жеңіл, еркін екенін осы салада жүрген адамдардың бәрі біледі деп ойлаймын. Фильмде дублер болмады", – деді ол.
Олжас Тоғымбет бұл фильмде де басты антагонистің рөлін сомдайды. "Мұндай рөлдер ұнай ма?" деген сұраққа былай деп жауап берді.
"Мен туралы күлімсіремейді, жүзі суық деп айтып жатады. Бұл жыл мен үшін антагонист жылы болды. Негізі айта кету керек, жағымсыз кейіпкер бірден көрерменнің есінде қалады. Мен өз кейіпкерімді протагонистен артық көрсетемін. Антагонистің рөлін жанымды салып, халықты сендіріп орындай алсам, мен үшін сол жақсы".
Әскер, модель әлде актер?
Актерлікке дейін оның әскери қызмет атқарғаны туралы жиі айтылады. Актер мұны жоққа шығармады. Алайда әскери қызметке қолы жетпегенін айтып өтті.
"КНБ-ға түсуге дайындалып, "Арланда" бір жарым жыл физикалық дайындық жүргіздім. Өкінішке қарай, түсе алмай, филология бөліміне түстім. Бірақ сол дайындық қазір кинода көп көмегін тигізеді. Оған дейін модельдікпен де айналыстым", – деді Олжас Тоғымбет.
Отбасын құрған ба?
"Отбасылы болғанмын. Екі балам бар. Әлеуметтік желіге көп сала бермеймін, тіл-көз бар. Екі қызым бар, үлкені өнерге жақын. Блогер болғысы келеді. Бір клип, екі жарнамаға түсіп үлгерді. Өнер жолын таңдау – қызға біраз қиындау. Бірақ егер өзі таңдаса, дұрыс бағыт-бағдар бергім келеді", – дейді актер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева