Қазақстандық жүргізушілерге бірнеше құжат алып жүру керек емес – министр

Енді қазақстандық жүргізушілер өзімен бірге тек жеке куәлігін алып жүрсе жеткілікті. Себебі көлік иесі туралы қалған мәліметтерді полицейлер планшеттен көре алады. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Біз жүргізушілердің өзімен бірге құқық белгілеуші құжаттарды алып жүруге міндеттелмейтін норма енгізгіміз келеді. Жеке куәлік қана болса жеткілікті, сол құжат арқылы планшеттен көлік иесіне қатысты мәліметті, ол көлікке қанша сенімхат жазылғаны, сақтандыру құжаты қашан аяқталатыны, техникалық тексеруден қашан өткені және қанша айыппұлы бары көрінеді", - деді министр Мәжіліс отырысында.

Сондай-ақ, Тұрғымбаевтың айтуынша, полицейлер қолданатын планшеттер көшелерде орнатылған видеокамералармен байланыста болады.

Министр мұндай жүйенің Еуропаның бірнеше елінде бар екенін айтады.

"Бұл тек Қазақстан аумағында іске асатын норма, басқа мемлекетке барған кезде, әрине, құқық белгілеуші құжаттар болуы керек", - деді министр.