Естімеген елде көп. 1 желтоқсан күні Сирияның Ракка қаласында ДАИШ ұйымының екі жауынгері өз жиһадшыларының жалақысын әкеле жатқан автокөлікті ұрлап мініп кеткен. Бұл туралы «Жиһад» телеарнасының Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап ресейлік «riafan» сайты хабарлады. Бір қызығы, ақшаны қолды қылғандар қазақстандық жиһадшылар деп хабарланып отыр.
Оқиға Сирияның Ракка қаласында орын алған. Бұл қала ДАИШ содырларының астанасы саналатын мекен. Лаңкестік ұйымның twitter-дегі парақшасы хабарлауынша, «Раккада екі қазақ өз бригадасындағы муджахидтердің жалақысын әкеле жатқан көлікті ұрлап кетті және олар Түркия аумағына бет алды. Осы туралы «Бірде «ДАИШ-де» деген фильм түсіруге болады» - деп жазған.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл ақпаратты оқып, не күлерін, не жыларын білмей отырғандары туралы жазды. Ал тіпті біреулер қазақстандық жиһадшылардың бұл әрекетін ерлік ретінде бағалады. Ұрланған көлік пен жиһадшылардың қазіргі тағдыры туралы ақпарат әлі жарияланған жоқ.
Айта кетейік, өздерін «Ислам мемлекеті» ретінде жариялаған лаңкестік топ бүгінде әлемге қауіп төндіріп тұрған ұйымдардың бірі. ДАИШ-тің басты орталықтары Сирия мен Ирак аумағында орналасқан. Бүгінде Қазақстаннан аталған ұйым құрамында 200-ден астам адам соғысып жүргені туралы дерек бар.