Биыл қыркүйекте 10,8 мың неке тіркелген. Бұл тамызбен салыстырғанда 24,7 пайызға аз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Айлық динамика бойынша, тамызда үйленгендер көп болған: 14,4 мың неке тіркелген. Ал қаңтарда үйленгендер аз болған: 7,6 мың неке тіркелген.
Қыркүйекте 1,3 мың жұп ажырасып кеткен. Алайда мамырда ажырасқандар көбірек болған: 1,6 мың жұп екіге кеткен. Былтыр мамырда 1,8 мың жұп ажырасқан.
Жалпы қаңтар-қыркүйек аралығында республика бойынша 90,3 мың жұп шаңырақ көтерген. Бұл былтырмен салыстырғанда 8,1 пайызға аз. 60,2 жұп қалада үйленсе, қалған 30,1 мың жұп ауылда шаңырақ көтерген.
Аймақтар бойынша - қаңтар-қыркүйекте Алматыда (9,7 мың жұп) үйленгендер көп болған. Үштікте Түркістан облысы (8,7 мың жұп) және Астана (7,8 мың жұп) бар.
Ең аз неке Ұлытау облысында (1,1 мың), СҚО-да (2,4 мың) және Абай облысында (2,6 мың).
Сонымен қатар, ажырасу бойынша, Алматы көш бастап тұр - 1,7 мың жұптың шаңырағы шайқалған. Қарағанды облысында (1,1 мың жұп) және Астанада (1,1 мың жұп).
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!