- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандық жасөспірім теннисші...
Қазақстандық жасөспірім теннисші US Open-нің келесі айналымына өтті
Қазақстандық теннисшілер жасөспірімдер арасында АҚШ ашық чемпионатында бастапқы матчтарын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстандықтардан WTA рейтингісінде 779-орында тұрған Соня Жиенбаева ғана жеңіске жетті.
Соня алғашқы айналымда әйелдер рейтингісінде 1330-орындағы норвегиялық Эмили Сартс-Лундемен (№ 29 ITF Juniors) сынға түсті.
Қазақстандық жас теннисші қарсыласын 7:6 (7:5), 6:3 есебімен қапы қалдырды. Бәсеке бір сағат 25 минутқа созылды.
Жарыстың 14-ракеткасы болып тіркелген Жиенбаева үшінші айналымға өту үшін америкалық Аланис Хэмилтонмен шеберлік байқастырады.
Асылжан Арыстанбекова чехиялық Елиска Тишаковамен ойында бірінші партияда 3:1 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылықты ұстап тұра алмады – 6:7 (5:7), 1:6.
Бозбалалар арасында доданы іріктеу сайыстарынан бастаған Даниал Рахматуллаев алғашқы айналымда швейцариялық Флинн Томастан өте алмады – 6:7 (4:7), 2:6.
Қазақстанның басты үміті, ATP рейтингісінде 1033-сатыдағы Әмір Омарханов үшін биылғы US Open сәтсіз болды. Жарыстың 10-ракеткасы болып тіркелген Омарханов бразилиялық Луис Гуто Мигельге жол берді – 6:7 (3:7), 3:6.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан