Қазақстандық жас әншінің тректері түрік тіліне аударылды

Әнші Ильхан Ихсановтың "Бір айда" әні түрік тіліне аударылды. Ол алдағы уақытта да түрікше тректер шығаратынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әнші бұл туралы Revue News бағдарламасында мәлімдеді. 

"Мен түрік сериалдарының үлкен фанатымын. Түріктердің туындыларын көп қараймын. "Бір айда" әнін о баста түрік тіліне аударып шығаруды жоспарладым. Бұл ән Қазақстанда ғана емес, бауырлас Түркияда да танымал болады деп күтеміз", - деді әнші. 

Өнер иесі мұнымен тоқтап қалмай, келесі тректерін де түрік тілінде жазуды жоспарлап отырғанын айтты. Осылайша, аудиториясын кеңейткісі келетінін жасырмады. 

"Менің мақсатым - түріктерді қазақша ән тыңдауға шақыру. Қазір Садраддин әніне түрікше сөздер қосып шығарды. Соның өзінде қазақша ән тыңдайтын түріктердің қатары көбейді. Менің де ойымда осы нәрсе бар", - дейді әнші. 

Еске салайық, Ильхан Ихсанов сұхбатында Садраддинмен дуэт орындағаннан кейін ешкіммен бірігіп ән жазбайтыны туралы айтқан болатын. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!