- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандық химик А.Нобель...
Қазақстандық химик А.Нобель атындағы медальмен марапатталды
Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің оқытушысы, химия ғылымдарының докторы Владимир Меркулов ғылымға қосқан үлесі мен өнертапқыштықты дамытқаны үшін Альфред Нобель атындағы медальмен марапатталды. Бұл туралы ЖОО-ның баспасөз қызметінен хабарлады.
«В.Меркуловқа награда Ресей жаратылыстану академиясы (РЖА) президиумының шешімімен көпжылдық жемісті еңбегі үшін тағайындалды. Бұдан басқа, ол РЖА-ның профессоры, сонымен бірге Еуропалық жаратылыстану академиясының ғылым докторы болды», − делінген хабарламада.
Химик ғалым еңбек етіп отырған жобалардың бірі кокс-химия өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеумен байланысты. Бұл металлургтер қаласы Теміртау үшін көкейкесті мәселе болып табылады. Өндіріске жаңа экономикалық тиімді әдістерді енгізу экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Мамандардың есептеуінше, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның металлургия комбинатының үйінділерінде кокс-химиялық өндірістің шамамен 120 мың тонна қалдығы жиналып қалды.
В.Меркулов, сондай-ақ, жоғары молекулярлық қосындылар химия саласындағы жұмысты жүргізіп отыр. Ол Теміртауда винил эфирлері мен тетрагидроиндол өндірісін жаңадан шығаруға әрекеттеніп отыр.
«Бүгінде тетрагидроиндолмен әлемнің жетекші институттары жұмыс істеуде және олар жоғалтқанды қалпына келтірмек болып, оны өнеркәсіп жолымен шығару мүмкіндігін іздестіріп отыр. Бәрінен бұрын олар биологиялық және ДНК-белсенді заттарды шығару бағытындағы зерттеулер жүргізуде, себебі тетрагидроиндолдың қасиеттері реакцияның (Трофимов реакциясы) біршама төмен температуралар кезінде жүзеге асырылуы арқылы бағалы дәрілік форма көздерін қарапайым әдіспен алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл ғылыми және өнеркәсіптік бәсекеде Қазақстан ең жаңа технологиялық шешімдердің жетекші ойыншысына айналудың барлық мүмкіндіктеріне ие», − дейді В.Меркулов.
Дереккөз:inform.kz
С. Ерсін